Жаңалықтар

Ипотекалық 7-20-25 бағдарламасына лимит қажет пе?

Ипотекалық 7-20-25 бағдарламасына лимит қажет пе?

Тұрғын үй кезегіндегілер әзірге үкімет ұсынған ең тиімді ипотека бағдарламасына қойылған лимитке қарсы болып отыр. Себебі лимит көлемі әдеттегіден тез таусылып қалып жатыр. Мемлекет мұндай шектеуді бағдарлама уақытын ұзарту үшін бекітсе, мамандар шектеу сомасын  өсіру қажет екенін айтады.  Еліміздегі Ұлттық банктің еншілес ұйымы “Қазақстан орнықтылық қоры” АҚ қаңтар айында “7-20-25” ипотекалық бағдарламасы бойынша жылына бөлінген 100 млрд теңгенің мөлшеріне сәйкес лимит қойылатынын хабарлады. Енді тоқсан сайын бөлінетін лимиттің бір айлық құны 8,3 млрд  теңгені құрайды. Лимит енгелі ақпан айынан бастап екінші деңгейлі банктер арқылы пәтірін осы бағдарламамен алғысы келетіндер кезегі көбейе түсті. Кезектегілердің айтуынша, қаңтардағы лимит сайт ашылған күні 20 минут көлемінде таусылған. Үйдің салынып бітуін күтіп жүргендер“қаражатымыздан айырылып қаламыз ба” деп алаңдаулы.
“Енді салып қойған 20 пайыз толық қайтарылмаса, не істейміз? Кеше өтінімнің уақыты бітіп қойды, ал үйдің құрылысы әлі жүріп жатыр. Лимит болатынын ешкім [алдын ала] ескерткен жоқ. Әйтпесе бұлай келесі жылға қалып кетпес едік”, – деді үйдің кезегінде бір жылдай уақыт тұрған Төлеби Ердәулет есімді Астана тұрғыны .
Сұхбат барысында, кезекте тұрғандардың бірқатары әлі де салынып жатқан үйлерге қаражатын салып қойғанын айтты.
“Банктердің бағдарлама талаптары бойынша берген қарыздарын өтеу сәтінде қолданыстағы бағдарлама бюджеті шегінде өтейді. Осылайша, бағдарлама бойынша банктерді алдын ала қаржыландыру жүргізілмейді”, – делінген қор мәліметінде.
Айта кетсек, 7-20-25 бағдарламасы ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2018 жылғы 31 мамырдағы №107 қаулысымен қабылданған. Елдегі ақпараттық сайттың бірінде көрсетілген осы жылдың 5 қаңтарына дейінгі статистикаға сүйенсек, сол бағдарлама басталғалы бері, барлығы 65 мыңнан астам үй тұрғындарға табысталып, мөлшері 873,6 млрд теңгені құрады. Ендігі жоспар бойынша, 2029 жылға дейін созылған бұл бағдарламаға экономистер де пікір білдірді., экономист, қаржы сарапшысы Дәулет Мұқаевтың айтуынша, тұрғынүй бағдарламасына дәл осылай лимит қою халық үшін тиімсіз.
“Бұл бағдарламаны халыққа ыңғайлау қажет. Жыл сайынғы  100 млрд-пен есептегенде , үйдің жылдық өсу бағасы 5-7% дейін  болса, онда  халық 2028-29 жылдары дәл қазіргі бағамен үй сатып ала алмауы да мүмкін. Сондықтан, бағдарламаны 2025-26 жылға дейін қысқарту керек”, – дейді қаржыгер өз сөзінде.
Редакция тілшісі осы мәселе бойынша акпарат алу үшін еліміздің  Ұлттық банкіне хабарласты. Берілген мәлімдемеде бағдарламаның өзгеріссіз қалған маңызды шарты атап өтілді. Ұлттық Банк деректерінде ипотекалық несие тек пайдалануға ұсынылған тұрғынүйлерге ғана берілетіні көрсетілген.
“Тоқсандық лимиттер «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ тарапынан банктерден қарыздарды сатып алуға ғана белгіленген. Бұл механизм банктердің қарыз беруін еш шектемейтінін атап өткіміз келеді. Бұл ретте банктердің статистикасы осы жылдың қаңтар айы басынан 9 ақпанға дейін 11,2 млрд теңге несие берілгенін көрсетеді. Қазіргі уақытта банктер бұрын қабылданған өтінімдерді өңдеп, несие беріп жатыр. Оның ішінде өткен жылғы өтінімдер де бар”, – делінген Ұлттық банктің берген ақпаратында.
Сонымен қатар, бұл бағдарламаны Қазақстан әр азаматы  тек бір рет қана пайдалануға мүмкіндігі бар.
“Банктер өтінімдерді қабылдаған соң қарыз алушының мүмкіндігін өз бетінше бағалайды. Яғни, банктер беретін қарызын өз қаражаты есебінен үлестіреді. Кейін Бағдарлама операторы – «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ ол қарыздарды банктерден сатып алады. Банк несиелерін қайта сатып алуға бөлінген қаржы әр тоқсан сайын біркелкі бөлініп отырады”, – деп жазылған акпараттық хатта.
Айта кетейік, бұл бағдарламамен екінші деңгейлі санаттағы 11 коммерциялық банк өзінің ипотекалық бағдарламаларын нарық шарттарымен ұсынып отырғаны белгілі . Оның ішінде Отбасы банкі де бар.

Мақпал Батталова KAZGUU Newsroom