Жаңалықтар

Атырауда Мәжіліске ұсынылған кандидаттар арасында дау шықты

Атырауда Мәжіліске ұсынылған кандидаттар арасында дау шықты

Атырау халқына танымал кәсіпкер, "SolarA.kz" корпорациясының директоры Әсел Жолмуханова көпшілік күтпеген мәлімдеме жасады, деп хабарлайды taulik.kz Massaget.kz сайтына сілтеме жасап. Бұған дейін Парламент Мәжілісі сайлауына өзін-өзі ұсыну тәртібімен кандидат ретінде тіркелген Әсел Жолмуханова Instagram-парақшасында сайлауға қатыспайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар, ол өзінің "AMANAT" партиясы қатарынан шығатынын, өзі жетекшілік етіп отырған "КӘСІПКЕР" бастауыш партия ұйымын таратынын хабарлады.
"Мен облыстық және мәжіліс мандаттарына ​ кандидаттығынан бас тартамын! Біздер билікке қызықпаймыз, артық ешқандай дүниеның қажеті жоқ. Жай ғана халық болып Жаңа Қазақстанға сенгіміз келеді. Бұл мәселеге бей жәй қарамай шындықтың көзіне жетіп отырмыз. Егер де жылы орындағы лауазым мен халықтың қалауын таразыға қоятын болсақ, мен халықпен бірге болғанды қалаймын", - дейді кәсіпкер жазбасында.
Бейнежазбада кәсіпкер "AMANAT" ​ партиясының облыстық филиалына қатысты біраз келіспеушіліктері туралы ашық айтқан. Бұл мәселеге қатысты "AMANAT" партиясының Атырау облыстық филиалына хабарластық. Партия мәліметінше, Әсел Жолмуханованың ҚР Парламентінің Мәжілісі депутаттығына кандидат ретінде өзін-өзі ұсыну туралы шешіміне ​қарсылық болмаған.
"Жолмұханованың партиядан шығу туралы мәлімдемесі - оның ерікті таңдауы, оны әркім құрметтеп, дұрыс қабылдауы керек. Дегенмен де, "АMANAT" партиясы​ жеке мүдденің​ емес, ел мүддесі мен халық мұқтажын әркез бірінші орынға қояды және осы жолда қызмет етемін деген әр партия мүшесіне қолдау көрсетеді. Партия айқын бір мақсатта елдіктің еңсесін тіктеуге жұмылған бастауыш партия ұйымдарынан тұрады. Сондықтан да партия тарапынан жеке мүддеге басымдық берілмейді", - делінген "AMANAT" партиясы облыстық филиалының баспасөз қызметі берген жауапта.
Instagram желісіндегі парақшасында 500 мыңнан аса жазылушысы бар кәсіпкер Әсел Жолмуханованың жазбасына 1805 адам лайк басып, 647 пікір жазылған. 46​ 600 мәрте қаралған жазбада авторды қолдағандар көп. Еске сала кетейік, Атыраудан Парламент Мәжілісіне кандидатурасын ұсынып отырғандар арасында бұған дейін де шулы оқиға болған еді. Өзін-өзі ұсыну тәртібімен Мәжіліске кандидатурасын ұсынған Сәрсенбай Еңсегеновтің кандидатурасын Орталық сайлау комиссиясы тіркемеген болатын. Қазіргі уақытта Сәрсенбай Еңсегенов Жоғарғы сотқа шағымданып жатыр.