Жаңалықтар

Бұқтырма су қоймасының жағалауында жер дауы туындады

Бұқтырма су қоймасының жағалауында жер дауы туындады

​ШҚО-да кәсіпкерлер көлге жақын жер учаскесінен айырылып қаламыз ба деп алаңдайды, деп хабарлайды taulik.kz сайты inbusiness.kz-ке сілтеме жасап. Алакөл Абай облысының қарауына өткеннен кейін ШҚО билігі Алтай ауданындағы Бұқтырма көлінің жағасына тағы бір Арбат салуды ойлады. Осы мақсатта билік көлге жақын жер учаскелерін "мәжбүрлі" түрде тартып алатынын хабарлады. Алайда жер иелері мұнымен оңайлықпен келіспейді. Алтай ауданы әкімінің орынбасары Сергей Охременконың айтуынша, биыл жазда туристік инфрақұрылым құрылысы басталады. Бірақ оған бос жер жеткіліксіз, сондықтан учаскелерді жеке меншіктен алу туралы шешім қабылданды.
"Аумақта амфитеатр, ойын алаңы, шатыр астындағы орындықтар, беседкалар және басқа да шағын сәулет нысандарын орналастыру жоспарлануда. Сондай-ақ, қоғамдық тамақтану, ойын-сауық және спорт аймағы қарастырылған", - деді Охременко.
Олар Арбат сияқты серуендеу аймағын құруды, муниципалды жағажай ашуды жоспарлап отыр. Жоғарыда айтылғандардың барлығына 476 соттық жер керек. Билік жеке кәсіпкерлерге басқа аумақтан жер береміз дегенді айтады. Бірақ кәсіпкерлер ол жерлерге разы емес.
"Біз мектептер, аллеялар, жағажайлар салынуына қарсы емеспіз. Бірақ айырбас ретінде өзіміздің жерімізге сай жер алғымыз келеді. Қазір маған жағадан алыс жер ұсынып отыр. Оның үстіне жері өте сазды, үйдің іргетасын орнату мүмкін емес, батып кетеді. Біз болсақ, жағалауға жақын жерді бизнес бастайық деп сатып алып отырған жоқпыз ба?! Мысалы, мен жыл бойы істейтін 8 демалыс базасын салып, кем дегенде 30 жұмыс орнын ашқым келді", - дейді кәсіпкер Асхат Ахметжанов.
Асхат Ахметжанов жалғыз емес. Өзге де кәсіпкерлер мен сол маңда саяжайларында бау-бақша өсіріп отырған тұрғындар да жерінен "айырылып қаламыз ба" деп алаңдайды.