Жаңалықтар

БҚО-да мас күйінде көлік жүргізген әкім орынбасары ұсталды

БҚО-да мас күйінде көлік жүргізген әкім орынбасары ұсталды

Батыс Қазақстан облысында Казталов ауданы әкімінің орынбасары Ғаділбек Әлібеков ішімдік ішіп көлік айдаған. Шенеунік түн жарымда кафеден шығып, көліктің рөліне отырғанда жол полициясы қызметкерлері ұстаған. Белгілі болғандай ол жеке көлігін жүргізген,деп хабарлайды taulik.kz сайты uralskweek.kz-ке сілтеме жасап. Оқиға ақпан айының жетісінен сегізіне қараған түні болған. Аудио жазбада Ғаділбек Әлібековтың мас күйде болғаны, әрең сөйлеп тұрғаны анық байқалады. Жол полициясы қызметкерлері бейнежазба жүріп жатқанын ескертіп, Әлібековтен ішімдіктің иісі шығып тұрғанын айтып, полиция көлігіне отыруын сұрайды.Алайда шенеунік сылтауратып құжаттарын алып келуін өтінеді,бірақ полиция қызметкерлері рұқсат етпейді. Кейін ол телефонымен «Баке, маған гаишниктер тиісіп тұр. Біздің ауылдың гаишник жігіттері» деп әлдекімге хабарласады. Сәлден соң өзін Нұрхан деп таныстырған жол полициясы қызметкеріне «сөйлесе қой» деп телефонын ұсынады, бірақ полиция қызметкері сөйлесуден бас тартады. Полиция қызметкерлері Ғаділбек Әлібековке қарсыласпай өз еркімен көлікке отыруын бірнеше мәрте сұрайды. Қарсыласқан жағдайда кісен тағуға мәжбүр болатындарын айтады. «Сіз мені танисыз ба?» деп Әлібеков сұрақ қояды. Полиция қызметкерлері оны танымайтындарын айтып, ақыр соңы шенеунікті күшпен көлікке отырғызып, ішімдік ішкен-ішпегенін анықтау үшін ауруханаға алып барған. Аты-жөнін көрсетпеуді cұраған ауыл тұрғынының айтуынша, сол түні Ғаділбек Әлібековтың «Баке!» деп қоңырау шалған адамы аудан прокуроры Бауыржан Молғалиев екенін, олар бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста екенін айтады. Оқиға болған түні Казталов ауданы полиция бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Марлен Қарабаев пен орынбасары Бағдат Давлетов ауруханаға барған,бірақ олардың бірі Ғ.Әлібековті көрмегенін айтса,бірі оқиға туралы пікір білдіруден бас тартқан . Айта кетерлігі,шенеунік оқиғаны растағанымен,әлдекімге хабарласқанын,ішімдік ішкенін жоққа шығарды.
– Сол түні кафеге барғаным рас. Бірақ арақ ішкенім жоқ. Полиция қызметкерлері 00:00 шамасында үйге қайтып келе жатқан кезде тоқтатты. Олар құжаттарымды сұрады. Мен құжаттарым үйде екенін айтып, алып шығайын, сосын әжетханаға барып келейін дедім. Полиция қызметкерлері рұқсат етпеді. Мен жігіттерге «танымайтын адам емеспіз, осы ауданда жұмыс істеймін, осы ауылда тұрамын» деп ренжідім. Болмағасын бірге ауруханаға тексеріске бардым. Менің ішімдік ішпегенім анықталды,-дейді Казталов ауданы әкімінің орынбасары Ғаділбек Әлібеков.
Ал Казталов ауданы полиция бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Марлен Қарабаев:
 «Сізге аудан әкімінің орынбасары ұсталғанын кім хабарлады? Ғаділбек Әлібеков лауазымды адам болғаны үшін жазадан сытылып кеткен жоқ па? Бұл жағдайға көз жұма қараған жоқсыздар ма?» деген тілші сұрағына: «Маған кім хабарлап айтқанын «ұмытып тұрмын». Аудан әкімінің орынбасары ұсталды дегесін, ертеңгі күні резонанс туып кетпесін деп және заң аясында болуын қадағалау үшін бардым»,-деді.

Бұған дейін БҚО-да аудан әкімінің жиналыста қызметкерлерді боқтаған аудиосы тараған болатын.