Жаңалықтар

ІІМ басшысы Кәрім Мәсімовтың түрмеден шығуы туралы сұраққа жауап берді

ІІМ басшысы Кәрім Мәсімовтың түрмеден шығуы туралы сұраққа жауап берді

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов журналистердің ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов ауыр науқасқа шалдыққан жағдайда түрмеден босатылып, емделуге жіберіле ме деген сауалына жауап берді, деп хабарлайды Taulik.kz cайты Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.  
«Егер ауыр сырқатқа шалдықса әрі оны мамандар, сарапшылар және сот мойындаса,сондай-ақ, шынымен адамды босататындай аурулардың белгілеріне жатса ол адам емделеді. Кім емделсе,түрмеге қайтып оралады.Ал бұл уақыт аралығы жалпы мерзімге есептеледі.Бүгінгі таңда бұл қолданыстағы норма. Үкім шығарылған кезде ғана мерзім беріледі. Бұрын бұл ереже үкім шығаруда қолданылмайтын,енді ол жаза тағайындау кезінде ескерілетін болады», - деп жауап берді ІІМ басшысы.
Бұған дейін БАҚ Кәрім Мәсімовке шұғыл ота жасалғанын хабарлаған болатын. Еске салайық, 2022 жылғы 6 қаңтарда Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 175-бабы 1-бөлігі бойынша «Мемлекетке опасыздық жасау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Сол күні осы қылмысты жасады деген күдікпен ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен басқа да тұлғалар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. 7 қарашада Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы тергеу органының айыптау актісін бекіткенін хабарлады. Қылмыстық іс қарау үшін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жіберілді. Осылайша, айыпталушылар К.Мәсімов (ҰҚК бұрынғы төрағасы) және А.Садықұлов (ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары) мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу, өзіне және басқа адамдарға пайда мен артықшылықтар алу мақсатында ауыр зардаптарға әкеп соқтырған билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану бабы бойынша сотқа берілді. Айта кетейік,18 қарашада Астанада Кәрім Мәсімовтің соты басталғаны белгілі болды.