Алматыда ірі көлемде пара алған тұлғаларға 2 млрд теңге айыппұл салынды
Алматыда ірі көлемде пара алған тұлғаларға 2 млрд теңге айыппұл салынды
Алматы қаласы Медеу ауданы №2 сотының үкімімен ірі көлемде пара алған лауазымды тұлғалар сотталды, деп хабарлайды Taulik.kz Антикорға сілтеме жасап.
- «Алматы жылу желілері» ЖШС (АЖЖ) бас директоры К. Бейсенбиновке 560 млн теңге айыппұл;
- АЖЖ бас инженері Д. Қазымбетовке 560 млн теңге айыппұл;
- АЖЖ Күрделі құрылыс басқармасының басшысы С. Джингильбаевқа 560 млн теңге айыппұл;
- Пара бергені үшін «СпецКоммунСтрой» ЖШС-нің директоры Б.Разимбековке 400 млн теңге айыппұл түрінде жаза тағайындалды.
Айта кетейік, олар мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Сотталғандар үшін айыппұлдың жалпы сомасы 2 млрд 80 млн теңге болды. Бұл – 350 орындық мектеп немесе 320 орындық балабақша құрылысының бюджетіне тең.
АЖЖ лауазымды тұлғалары Алматы қаласында жылу желілерін қайта құру туралы шарттар бойынша орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қойғаны және ақша қаражатын аударғаны үшін Б.Разимбековтен 16 млн теңге пара алды деген күдікке ілінді.
Қылмыстық кодекстің 41-бабына сәйкес, айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда жаза шарасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.