Жаңалықтар

Астанада рұқсат етілмеген жерге қоқыс төккендерге 50 млн теңге айыппұл салынды

Астанада рұқсат етілмеген жерге қоқыс төккендерге 50 млн теңге айыппұл салынды

Астанада абаттандыру ережесін бұзғаны үшін 15 құрылыс компаниясы жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Taulik.kz Елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Қалада аудандық әкімдіктер мен табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері рұқсат етілмеген орындарға қоқыс төгу фактісін анықтау бойынша мониторингтік іс-шаралар жүргізуде. Түрлі кәсіпорындар (оның ішінде құрылыс компаниялары) мен тұрғындардың өздері де құрылыс қалдығын қала шетіне шығарып, көрсетілмеген орындарға төгеді. Бұл қала экологиясының нашарлауына әсер етіп қана қоймай, тұрғындардың өмір сүруіне қолайсыз жағдай туғызады.
«Биыл жалпы пайдалану орындарын ластағаны (434-2-бап) және абаттандыру ережесін (505-бап) бұзғаны үшін заң бұзушыларға 50 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Оның ішінде 15 құрылыс компаниясы бар.
Былтыр 300-ге жуық табиғи қоқыс орны жойылды. 35 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Мәселен Есіл ауданында – 312 орын, Алматы ауданында – 105 орын, Байқоңыр ауданында – 90 орын, Сарыарқа ауданында – 44 орын», - делінген әкімдік хабарламасында. Әкімдік табиғатты қорғау полициясымен, Астана қаласының Экология департаментімен, «іKomek 109» бірыңғай байланыс орталығымен бірлесе отырып, қалалық «Сергек» бейнебақылау камералары арқылы қоқысты шығару мен пайдаға жарату ісін бақылауды күшейтті.
«Құрылыс қалдықтарын басқару инфрақұрылымын құру және стихиялық полигондардың пайда болу көлемін азайту мақсатында әкімдік құрылыс қалдықтарын төгу және қайта өңдеу үшін арнайы «Северная гряда» алаңын салып, іске қосты. Алаңда құрылыс қалдықтарын (асфальт, кірпіш, бетон және т.б.) өңдеуге арналған қуаты жылына 196 000 м3 ұсақтау кешені орнатылған», - делінген хабарламада.