Жаңалықтар

Батыс Қазақстанда су тасқынынан бір адам қаза тапты

Батыс Қазақстанда су тасқынынан бір адам қаза тапты

Батыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқыны салдарынан бір адам опат болды. Ақпаратты qaz365.kz тілшісіне облыстық полиция департаменті растады, деп хабарлайды Taulik.kz. 12 наурыз күні кешке Шыңғырлау ауданындағы Ақтау ауылынан көршілес Бөрлі ауданындағы Ақсай қаласына трактормен ​ жолға шыққан екі азамат із-түзсіз жоғалып кеткен. Олардың жоғалып кеткені жайлы 14 наурыз күні 17:17 сағатта қоңырау түскен. БҚО Төтенше жағдайлар департаменті таратқан ақпаратқа сәйкес, оларды іздеуге төтенше жағдай қызметкерлері түнгі 23:25-те кіріскен. Мамандар КПО компаниясының жол талғамайтын жүрдек көлігімен шыққан. Бірақ қарғын судан өте алмай, түнгі 3-те іздеуді тоқтатқан. Бүгін 39 жастағы азаматтың денесі судан табылғаны туралы ақпарат тарады. 46 жастағы екінші адам аман. Ер адамның қайтыс болғаны туралы ақпаратты портал тілшісіне облыстық полиция департаменті растады.
«1984 жылғы ер адамның қайтыс болғаны туралы дерек Бөрлі аудандық полиция бөлімінде тіркелді. Сараптама тағайындалып, оқиғаның нақты себебі анықталатын болады», – деді полиция департаментінің ресми өкілі.
Полиция департаментінің алдын ала мәліметінше, марқұмның денесінде суға бату белгілері бар.