Жаңалықтар

БҰҰ Ресейдің Украинаға ашқан соғысын геноцид деп таппады

БҰҰ Ресейдің Украинаға ашқан соғысын геноцид деп таппады

БҰҰ Халықаралық комиссиясы Ресейдің Украинада әскери қылмыстар жасағанын нақтылады, бірақ ол әрекеттерді «геноцидке» жатқызған жоқ, деп хабарлайды taulik.kz Azattyq Ruhy агенттігіне сілтеме жасап. Зерттеу авторлары оларды жасағандардың геноцид жасау пиғылы болған-болмағаны туралы тікелей дәлелдер жоқ екенін айтты.
«Біз Украина аумағында геноцид болғанын анықтаған жоқпыз. Бұл мәселедегі барлық дәлелді қадағалап отырамыз және осы қылмысқа қатысты сұрақ туындауы мүмкін бірқатар аспект бар екенін атап өттік. Мысалы, ресейлік БАҚ-тың белгілі бір топтарға қарсы бағытталған кейбір мәлімдемесі бар», - деді БҰҰ тергеу тобының жетекшісі Эрик Месе.
Ресей билігінің балаларды Украинадан заңсыз көшіруіне қатысты комиссия сарапшыларының пікірінше, ол «әскери қылмысқа» жатады.
«Комиссия Украина мен Ресей Федерациясы арасындағы балаларды мәжбүрлеп көшіру және депортациялау жағдайын зерттеді. Тараптар ұсынған сандарда көп айырмашалық бар. Комиссия қараған оқиғаларда балаларды мәжбүрлеп көшіру мен депортациялауға қатысты бірнеше жағдай анықталды»,- деді БҰҰ-ның Украинадағы оқиғаларды тергеу жөніндегі комиссары Ясминка Джумхур.
Комиссия сонымен қатар Ресей Украинаның энергетикалық және су инфрақұрылымына шабуылы  адамзатқа қарсы қылмыстармен теңестірілуі мүмкін екенін анықтады. Айта кетейік, Украинадағы соғыс туралы дайындалған есеп бүгінгі күнге дейінгі ең жоғары деңгейдегі халықаралық тергеу болып саналады.