Жаңалықтар

ОСК жекелеген кандидаттардың әлеуметтік желідегі өтініштеріне жауап берді

ОСК жекелеген кандидаттардың әлеуметтік желідегі өтініштеріне жауап берді

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Константин Петров сырттай бюллетень арқылы дауыс берудің ерекшеліктері мен жекелеген кандидаттардың өз мүдделері үшін нені пайдаланғысы келетіні туралы айтты, деп хабарлайды Taulik.kz  сайты Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
«Әлеуметтік желіде бірқатар кандидаттар өз жақтастарын «сайлаушылар тізімінде тұрған жеріңізден есептен шығару бюллетеньдерін алыңыз, басқа округте сырттай бюллетеньмен маған келіп дауыс беріңіз» деп үндеуде. Жалпы, бұл мүмкін емес екенін айтқым келеді. «Сайлау туралы» Заңның 41-бабының 6-тармағының 1-ескертуінде басқа сайлау округі бойынша дауыс беруге ниет білдіргендерге есептен шығару бюллетеньдері берілмейтіні арнайы көрсетілген. Яғни, тіркелген және сайлаушылар тізіміне енгізілген сайлау округі бойынша ғана дауыс бере аласыз. Егер сіз сырттай бюллетень алсаңыз да, салыстырмалы түрде айтқанда, Түркістан облысында осы сырттай бюллетень жарамды болатын сайлау округінің шеңберінде ғана  дауыс бере аласыз. Басқа облысқа барып, онымен дауыс бере алмайсыз», - деді Петров.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров өз кезегінде осы сенбі, 18 наурыз күні сағат 18:00-де қазақстандық сайлаушыларға есептен шығару куәлігін алу мерзімі аяқталатынын еске салды. Еске салайық, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2023 жылдың 19 наурызында өтеді. Мәжіліс сайлауымен бірге барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Сайлауға 7 саяси партия жіберілді. Бұл ретте Қазақстан бойынша бірмандатты округтер бойынша 609 кандидат ұсынылса, оның 525-і өзін-өзі ұсынғандар. Бұған дейін Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауға 12 миллион 32 мың 550 адам дауыс бере алатыны хабарланған болатын.