Жаңалықтар

Президенттің Резиденциясы балаларға берілмек

Президенттің Резиденциясы балаларға берілмек

Президент резиденциясы Қостанай облысындағы балаларға беріледі, деп хабарлайды тaulik. kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап. Өңірде мүгедек балалар Президенттің бұрынғы резиденциясында оңалтудан өтеді. Ол Амангелді ауылының аумағында орналасқан. «Жұмыс тобы өңірлік резиденция базасында психоневрологиялық патологиясы және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға арналған оңалту орталығын ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. Жаңа орталық сауықтыруға және әлеуметтік-оңалту іс-шараларына бағытталған қажетті арнаулы әлеуметтік қызметтер кешенін көрсететін болады. Оңалту уақыты енді 14 күннен 21 күнге дейін ұзартылады», - деп хабарлады Қостанай облысының әкімдігі. Қазір өңірде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған бір ғана оңалту орталығы жұмыс істейді. Облыста психоневрологиялық патологиясы және тірек-қимыл аппараты бұзылған екі мыңға жуық бала тұрады. Жыл сайын оңалту орталығы 1,5 пен 18 жас аралығындағы кемінде 900 баланы қабылдай алады. Орталықта логопед, дефектолог, реабилитолог жұмыс істейтін болады. Балалар массаж, емдік дене жаттығуларын, сумен емдеу шараларын қабылдай алады. «Резиденцияны оңалту орталығы ретінде қайта жабдықтау үшін жергілікті бюджет қаражатынан мүгедек балаларға арналған ғимараттардың қолжетімділігін қамтамасыз етуге және қажетті оңалту жабдықтарымен жарақтандыруға тиісті қаражат бөлу жоспарлануда. Ағымдағы жылы нысанды реконструкциялау және құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қаражат бөлінетін болады», - деп хабарлады облыс әкімдігі. Бұған дейін Президенттің Қостанай, Ақтау, Тараз, Атырау және Ақтөбедегі резиденциялары балалардың қажеттіліктеріне берілетіні белгілі болған. Әкімдіктер бұл ақпараттың растығын және Президенттің тапсырмасы бойынша әрекет ететінін хабарлады.