Жаңалықтар

Ауғанстанда жер сілкінісінен 11 адам қаза тапты

Ауғанстанда жер сілкінісінен 11 адам қаза тапты

Сейсенбі күні кешкі уақытта Ауғанстанда болған жер сілкінісінен Пәкістанның Хайбер-Пахтунхва провинциясында 9 адам қаза тапты. Ауғанстан шығысындағы Лагман провинциясында тағы екі адам көз жұмды, деп хабарлайды taulik.kz.  ТАСС-қа сілтеме жасап. News газеті сәрсенбі күні Пәкістанның Хайбер-Пахтунхва провинциясының Табиғи апаттармен күрес жөніндегі басқармасының жаңартылған мәліметіне сүйеніп, зілзала салдарынан қайтыс болғандардың қазіргі уақытта 9 адам, ал  44-і жарақаттанғанын мәлімдеді. Сейсенбі күні Dawn басылымы Хайбер-Пахтунхвада тұрғын үйлердің шатыры мен қабырғаларының құлауы салдарынан екі адамның көз жұмып, алтауы зардап шеккені туралы хабарлаған. Reuters агенттігі Пәкістан полиция басқармасының мәліметіне сүйене отырып, Сват округінде 150-ге жуық адам жарақат алғанын жеткізген. Қазіргі таңда Округтегі ауруханалар жоғары деңгейдегі дайындық режиміне ауыстырылған. Жерасты дүмпулері Хайбер-Пахтунхвадан бөлек, Пәкістанның өзге өңірлерінде де сезілген. Соның ішінде Пешавар, Лахор, Кветта, Равалпинди және Исламабад бар. Онымен қоса, Ауғанстанның табиғи апаттар салдарын төмендету жөніндегі басқармасының өкілі Reuters агенттігіне мәлім еткендей, Лагман провинциясында 2 адам қайтыс болған. Еуропа – Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы сейсенбі күні Ауғанстанда 6,8 магнитудасымен жер сілкінгенін тіркеді. Кейін сейсмологтар магнитуданың 6,5 болғанын растады. Аумақ Ауғанстанның Пәкістан және Тәжікстанмен шекарасына жақын жерде, 12 мыңнан астам халық тұратын Ишкашим қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 48 км қашықтықта орналасқан. Тереңдігі – 185 км. Жерасты дүмпуін, сондай-ақ Қазақстан, Үндістан, Тәжікстан, Өзбекстан елдері сезінді. Еске салайық, Ауғанстанда болған зілзаланың тербелісі Қазақстанның 5 өңірі Шымкент, Тараз, Алматы, Түркістан, Қызылордада сезілген.