Жаңалықтар

Сынға іліккен Жансая Әбдімәлік Бибісараға жауап берді

Сынға іліккен Жансая Әбдімәлік Бибісараға жауап берді

Алматы шахмат федерациясының президенті Жансая Әбдімәлік Нью-Делидегі Гран-придегі жағдайға байланысты, "спортқа жат қылық жасады" деп айыптаған шахматшы Бибісара Асаубаеваға өзінің Instagram парақшасында жауап берді, деп хабарлайды Taulik.kz. Жансая Әбдімәлік ұйымдастырушылар тарапынан болған келеңсіз жағдайға байланысты Бибісара Асаубаеваның өзіне негізсіз айып таққанын, сол себепті атын қорғау үшін жауап жазуға мәжбүр екенін айтты.
«Бибісара Асаубаеваның бірнеше рет этикаға жат қылықтарына назар аудармауға тырыстым, бірақ өзгеріс енгізетін сәт келген секілді. Алдымен, Асаубаеваның өз жазбасында қолданған суреті қазіргі жағдайға мүлде сәйкес келмейді, бұл ісімен шахмат жанкүйерлерін алдап отыр (сурет 2021 жылы әлем чемпионатында түсірілген). Одан әрі тікелей Үндістандағы Гран-придегі жағдайға келсек: өзім және әріптестерімнің (оның ішінде Ассаубаеваның өзі де бар) ұйымдастырушылардан (жұмсақ сөзбен айтқанда) көңілі қалды. Біз ортақ шешім бойынша Президентке және ФИДЕ Атқарушы штабына ұжымдық хат жазуды ұйғардық. Онда наразылығымызды білдіріп, кезеңді кейінге қалдыруды немесе одан бас тартуды ұсындық. Хатқа Гран-при қатысушыларының барлығы дерлік (Ассаубаева да бар) қол қойған. Қатысушылардың ұжымдық наразылығынан ұйымдастырушылар тіпті турнирдің басталуын белгісіз уақытқа кейінге шегеруге мәжбүр болды», - деді шахматшы.
Сонымен қатар Әбдімәлік ФИДЕ президенті Аркадий Дворкович пен атқарушы директор Эмиль Сутовскийге ойынға қатыспайтынын жеке өзі хабарлағанын айтты.
«Бибісара Асаубаеваның осынау жалған өтірігі мен екіжүзділігіне қарамастан, қабылдаған шешіміме өкінбеймін және шахматшылардың қауіпсіз және лайықты жағдайда ойнауға лайық екенін айтқым келеді. Әрқашан өз елімді мақтанышпен және абыроймен қорғаймын! Хат-хабарларды жариялағаным үшін әріптестерден кешірім сұраймын, бірақ атымды қорғау үшін осылай істеуіме тура келді», - деді ол Instagram парақшасында.
Бұған дейін Бибісара Асаубаеваның Жансая Әбдімәлікті "спортқа жат әрекет жасады" деп сынаған хаты жарияланған болатын.