«Алатыны – 150 мың теңге». Ұлы Абайдың ұрпағы Алматыда аула сыпырып жүр
«Алатыны – 150 мың теңге». Ұлы Абайдың ұрпағы Алматыда аула сыпырып жүр
Ұлы Абайдың неменесі Айдос Ақылбаев Алматыдағы мейрамханалардың бірінде аула сыпырушы болып жұмыс істейді, - деп хабарлайды Taulik.kz сайты Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы Парламент Мәжілісінің бұрынғы депутаты Жанарбек Әшімжан өзінің фейсбуктегі парақшасында жазды.
"Алматының "Арбатындағы" мәлім мейрамханалардың бірінде аула сыпырушы болып жұмыс істейді екен. Еңбекақысы - 150 мың теңге. Осыны естігенде жанымыз жүдеп, көңіліміз алай-дүлей болып кетті. Айдос ағамыздың жұмысы сағат 16.00-де аяқталады екен. Білінер-білінбес себезгілеп жауып тұрған жаңбыр да тоқтаған. "Үйіңізге дейін шығарып салайық" деп едік, қарсы болмады. Аз уақыт күттік. Шағындау дорбасын көтеріп шықты. Тиісті мекен-жайға алып келдік. Бес қабатты көне үйдің бесінші қабатында бір бөлмелі үйде зайыбымен тұратынын айтты. Адамзаттың ойшылы атанған ұлы бабамыздың ұрпағы осындай әлеуметтік тауқыметте жүргені ұлттығымызға, елдігімізге сын емес пе?!" деп жазды Ж.Әшімжан.Айдос ұлы Абайдың тұңғышы Ақылбайдан тарайды. Шежіре бойынша Абай – Ақылбай – Әлімқұл – Бағфұр – Эрнест – Айдос. Айдостың 1971 жылы дүниеге келген Данияр есімді інісі бар. Даниярдың Дана, Кәмила, Меруерт есімді үш қызы бар.