Қаңтар ісі бойынша куәгер: ҰҚК «қажетті» айғақтарды қоқан-лоқымен айтқызды
Қаңтар ісі бойынша куәгер: ҰҚК «қажетті» айғақтарды қоқан-лоқымен айтқызды
Семей қаласының №2 қылмыстық сотында өткен отырыста куәгер ҰҚК қызметкерлерінің қысымымен айғақ бергенін айтты, деп хабарлайды Taulik.kz Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Куәгердің айтуынша, ҰҚК қызметкерлері терроризмді насихаттау ісі бойынша күдіктілер Шыңғыс Әлпиев пен Ринат Әлиевке қарсы айғақ бермесе, үстінен қылмыстық іс қозғалады деп қорқытқан.
"Комитет қызметкері бейнежазба бар екенін айтты, "сен Талибан үшін (ҚР-да тыйым салынған террористік ұйым) үгіт-насихат жүргіздің" деді. Мен ондай ештеңе болмағанын айттым. Айғақтарды қолдамаймын. Ол кезде бәрі Талибан туралы дүниелерді көретін. Уақыт өте келе мені қорқытып, олардың террорист екендерін, сектасы бар екенін айтты", - деді куәгер.Жауап алу хаттамасында ол Әлпиевті "үстемдікті жақсы көретін қызуқанды адам" деп сипаттағаны көрсетілген. Бірақ куәгер мұндай айғақтар бергенін жоққа шығарды. Екінші жауап алу хаттамасында оған "өзін-өзі таныған" бейнежазбалар көрсетілгені айтылады. Алайда сот отырысында куәгер оған ештеңе көрсетілмегенін мәлімдеді. Бастапқыда Әлпиев пен Әлиев қаңтар оқиғаларына қатысты деген күдікпен ұсталды. Көп ұзамай тергеу бұл күдікті жойып, оларды терроризмді насихаттады деп айыптады. Олар өздерінің діни сенімдері үшін сотталып жатқанына сенімді.