Жаңалықтар

Полиция тінту кезінде балаларды шешінуге мәжбүрлеген

Полиция тінту кезінде балаларды шешінуге мәжбүрлеген

Британ полициясы тінту кезінде 8 жасар балаларды шешінуге мәжбүрлейді, ал қара нәсілділерге қатарластарына қарағанда 6 есе көп тінту жүргізіледі. Бұл туралы Ұлыбританияның балалар омбудсмені Рейчел де Соузаның баяндамасында жазылған, деп хабарлайды taulik.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Балалар құқығы бойынша өкілетті кеңсе 2018-2022 жылдары Англия мен Уэльсте 8-17 жас аралығындағы 2847 баланы толық шешіндіріп тінту жүргізілгенін анықтады. Олардың кейбірін полицейлер полиция фургоны, мектеп пен қоғамдық орындарда шешінуге мәжбүрлеген.
«Мен Англия мен Уэльсте полиция өзінің ұстау және тінту өкілеттігін пайдаланып, балалардың киімін шешіп, тінтуіне қатысты бұрын-соңды жарияланбаған талдауды жариялаймын. Талдау нәтижесі мұның Лондонға ғана қатысты шектелген мәселе емес екенін көрсетті. Жалпы Англия мен Уэльс бойынша полиция ұстау және тінту аясында балаларды шешіндіріп тінту жасайды, мұндай тәжірибе қатты алаңдататынына дәлелдер де бар», - деді Рейчел де Соуза.
Жалпы тінтудің 52%-ы ересектердің қатысуынсыз жүргізілгені анықталды.
«Менің қорытындымда заңмен бекітілген балаларды қорғау кепілі сақталмайтынына, оның ішінде мектеп, полиция көлігі мен жұрттың көзінше тінту мен шешіндіріп тінтудің жартысынан көбі ересектердің қатысуынсыз өтетініне дәлелдер бар», - деп толықтырды британдық балалар омбудсмені.
Қара нәсілді балаларға қатарластарына қарағанда алты есе көп тінту жүргізілетіні де алаңдарлық жағдай. Толық шешіндіріп, тексеру жүргізілген бала небәрі сегіз жаста болған. Кейінгі кездері британдық құқық қорғаушыларға қатысты айыптаулар жиілеп кетті. Өткен аптада Лордтар палатасының мүшесі Луиза Кейси астаналық полиция қызметінің әрекет стандарттары мен ішкі мәдениетіне қатысты шолу жасады. Ол Лондон тәртіп сақшылары арасында нәсілшілдік, сексизм мен әйелді жек көру кең тарағанын жеткізді. Бұған дейін Англия мен Уэльсте 1,3 мыңнан аса полицейдің күдікті екені белгілі болды.