Екпе алмағандар енді балабақшаға бармайды
Екпе алмағандар енді балабақшаға бармайды
Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова "Время" газетіне берген сұхбатында вакцинацияланбаған балаларға балабақшаларға баруға тыйым салынатынын айтты. Себебі білім беру ұйымдарында қызылша ауруының саны күрт өскен, деп хабарлайды taulik.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Наурыз айында Қазақстанда қызылшаның 70-тен астам жағдайы зертханамен расталды. Ең қауіпті жағдай Алматыда тіркелген. Мұнда жыл басынан бері қызылшамен 46 науқас ауырған. Науқас балалардың жартысының ата-аналары екпеден бас тартқан екен.
Еліміздің бас санитарлық дәрігерінің айтуынша, балабақша тобындағы балалардың 90%-ы вакцинациялануы керек. Егер екпе алмағандардың саны 10%-дан көп болса, онда олардың келуіне тыйым салу мәселесі қарастырылады.
"Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтарының бірінде норма бар. Балабақшаларда вакцинацияланбаған балалардың саны 10 %-дан аспауы керек. Жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменттеріне осыны анықтауға мониторинг жүргізуді тапсырдық. Егер норма сақталмаса, екпе алмаған балаларды балабақшаларға жіберуді тоқтатамыз. Мұны өзіміз ауырмас үшін және басқаларға жұқтырмас үшін жасаймыз. Басқа жол жоқ. Бұл – заң нормасы, ортақ жауапкершілік. Науқастардың саны өсе береді, біз балаларды қорғауымыз керек", – деді Айжан Есмағамбетова.
Вакцинацияланбаған балаларда қызылша ауруының даму қаупі жоғары. Естеріңізге салсақ, елімізде қызылшаға қарсы шұғыл вакцинация жүргізіледі.