Бесаспап Марат Барманқұлов
Бесаспап Марат Барманқұлов
Қаламгерлік қуат – әркімге қона бермейтін жазу өнерінің көзі. Кім оған қай жолмен, қандай аралықта келетінін де білмейді. Бар білерім қаламды әркім иелене бермейді. Тегінде, ол адамның маңдайына бір арна болып жазылатын шығар.
Журналистика – өмір айнасы. Журналистика саласы – қызығы мен шыжығы көп қызған өмір ортасы. Журналистика қоғамда өзіндік маңызы бар қоғамдық-саяси рөл атқарып, жұртшылыққа әлеуметтік белсенділік туғызып, шындықты ашып береді. Журналистік қызмет халықтың керегіне жауап беріп, әлеуметтік дамудың жолдарын жариялап отырады. Журналист бұл салада қоғамдық-саяси қызмет жасаудың өнерін игере біліп, әлеуметтік процестерге өз еңбегімен белсене араласады. Бүгінгі өмір салты адамның әдет-ғұрып, психологиялық келбетіне айтарлықтай өзгерістер әкелуде. Ақпарат ағынының үздіксіз өсуі, өмір ырғағы, адамның жоғары парасаттылық деңгейі әлеуметтік ақиқат пен ақыл-ой құбылысына терең зерделеуді, оған маңыз беріп, жан-жақты жазуды талап етеді. Өз дәуірінде қазақ журналистикасын теориялық тұрғыдан жетілдіріп, журналистика ғылымында өзіндік мектептерін профессионалдық тұрғыдан қалыптастырып, өсуіне, толысып кемелденуіне, өлшеусіз зор үлес қосқан тележурналист-ғалым, түркітанушы, ұстаз, зерттеуші, қоғам қайраткері Марат Барманқұлов еңбектерінің кейінгіге берері мол. Оның шығармашылығында қоғамның өзекті мәселелерін алға тартып, елі үшін қажырлы еңбек еткендігі көрініп тұр.
Марат Барманқұлов қазақ телевизиясының алғашқы коментаторы және репортері. Ол жоғары оқу орнын қызыл дипломға бітірісімен 1959-1961 жылдары енді құрылып жатқан Қазақ телевизиясында жауапты редактор қызметін атқарды. «Сто путей, сто дорог сияқты циклды хабарлар жасап, көрермен көңілінен шыққан алғашқы тележурналистердің бірі болды. ҚазМУ-де жүріп ММУ-дың аспирантурасына түсті. Рамазан Сағымбеков, Совет Масғұтовтармен күш біріктіріп, қазақ, орыс тілдерінде қазақ телевизиясының теориясы мен практикасына арналған оқулықтар жазуды қолға алды. Соның нәтижесінде М.Барманқұловтың «Весь мир в вашей квартире» атты зерттеу еңбегі дүниеге келді. Сонымен қатар журналистика факультетінде телевизия кафедрасын ашып, өмірінің соңына дейін басқарып өтті. 28 жасында Москвада кандиданттық, 44 жасында докторлық диссертациялар қорғап, 45 жасында профессор атанды. [1, 263 б]
Марат Барманқұлов бесаспап тұлға. Ол Қазақ телевизиясының, радиосының теориясын, тәжірибесін зерттеген, филология ғылымдарының докторы, профессор, отыз жылға жуық ұстаздық қызметте, одан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінде «телевизия және радиожурналистика» кафедрасын басқарған.
Шыны керек, журналист болу өмірлік дайындықтарды қажет етеді. Оның ішінде білім, рухани тазалық, өмірлік тәжірибе, адалдық пен қалтқысыз қызмет ету. Журналист болу ақпарат беріп қана отыру емес, ол барлық оқиғаларға журналистік көзқараспен қарап, оның анық-қанығына көз жеткізу, халыққа тек ашық, шынайы ақпараттар жеткізу. Журналистиканың уақытқа емес, қарым-қабілетке де байланысты екенін, жоғарыда айтылғандардың Марат Барманқұлов арқылы, өмір тарихын барлау арқылы көз жеткізуге болады. Оның бойында әділет пен әділдіктің, шыншылдық пен еңбекқорлықтың, адалдық пен парасаттың биік деңгейі ғұмыр бойы тұрақтап тұрған асыл жан. Арманы мен өмірлік талабына берік, қызмет пен өмірге адал бола білді.
Кемеңгер тұлға Марат Барманқұловтың шығармаларын неғұрлым тереңнен қараған сайын, соғұрлым оның ғылыми еңбектері мен шығармаларына, ұрпақ үшін жасаған қызметіне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қайтпас сапарға кетсе де, тұлға есімі өшкен де, жоғалған да жоқ. Оның артында қалдырған мол мұрасы студенттердің қажетіне жарап жатыр. Сондай-ақ оның өзі іргесін қалап кеткен телестудия профессор есімімен аталады. Жыл сайын «Барманқұлов оқулары», тұлғаны еске алу кештері өтіп, оның есімі, мұрасы, тұлғалық болмысы, бәрі-бәрі кейінгі ұрпаққа насихатталып отырады. Тұлға есімінің өшпегенінің, ешқашан өшпейтінінің көрінісі осы болар.
Динара Боранбай,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Журналистика факультеті
Баспагерлік-редакторлық
және дизайнерлік өнер
кафедрасының 3 курс студенті.