Сотталушы түрмеде отырып 25 млн теңге жымқырған
Сотталушы түрмеде отырып 25 млн теңге жымқырған
Алматы облысының прокуратурасы №12 түзеу мекемесінде жазасын өтеу жатқан сотталушылардың интернет-алаяқтық жасау фактілерін анықтады, деп хабарлайды taulik.kz Stan.kz ақпарат агенттігі.
Осылайша, сотталушы Ж.-ның 2020 жылдың маусым айынан бастап 2023 жылдың қаңтар айына дейін түзеу мекемесінде ұялы телефондарды және ұялы байланыс операторларының түрлі сим-карталарын пайдаланып, жалпы сомасы 25 миллион теңгеден астам сомаға 200-ге жуық алаяқтық әрекеттерін жасағаны анықталды.
Аталған факті 2023 жылдың 2 наурызында мамандандырылған прокуратурасында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі, 4-тармағы – "Алаяқтық" бойынша құқық бұзушылық фактісі бойынша тіркеліп, тергеу бөлімшесіне берілді.
Прокуратураның мәліметінше, тергеу барысында сотталушыдан 2 ұялы телефон мен 41 сим-карта тәркіленген. Сотталушы аталмыш құралдардың көмегімен WhatsApp арқылы телефон соғып, хат алысып тұрған.
“Қазіргі уақытта сотталушының басқа да құқық бұзушылықтарын анықтау үшін облысымызда да, Қазақстан Республикасының басқа да өңірлерінде де деректер базасына мониторинг жүргізілуде. Сондай-ақ түзеу мекемесі қызметкерлерінің әрекетсіздік фактілері мамандандырылған прокуратурада Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 370-бабы 2-бөлігі "Қызметтегі әрекетсіздік" бойынша тіркеліп, Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментіне берілді”, – деп мәлімдеді прокуратура.