Жаңалықтар

Ермахан Ыбырайымов Саттарханов туралы сырымен бөлісті

Ермахан Ыбырайымов Саттарханов туралы сырымен бөлісті

Qazaq Ring жобасында Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов өзінің командаласы әрі інісі Бекзат Саттарханов жайлы естелігімен бөлісті, деп жазды Taulik.kz. Ермахан Ыбырайымов Бекзат сияқты еңбекқор боксшыны ешқашан кездестірмегенін жеткізді.
«Жастармен кездескен кезде бәріне Бекзат Саттархановты үлгі ретінде айтамын. 20 жасында Олимпиада чемпионы болу екінің-бірінің, қолынан келе бермейтін іс. Бекзат олимпиадалық құрамаға қалай келді, ол бір сағатын, бір секундын да бос жіберген жоқ. «Үйрен де жирен» дейді. «Ермахан аға, сізбен бір комнатада жатайыншы. Анау қалай бокстасады? Мынау қалай жұдырықтасады», - деп сұрағын жаудыратын. Мен оның сұрақтарына жауап беруден шаршап: «Бекзат, айналайын, бүгінге боксты қоя тұрайықшы. Ертең жалғастырамыз», - деп айтатынмын. Ол теория, практика жүзінде жұдырықтасуды үйрене берді, үйрене берді. Менің бапкерім Тұрсынғали Еділов те, оны еңбекқор деп айтады. Иә, еңбекқор. Бұрынғы қазақ ертегілерінде бала сағат сайын, минут сайын өсетін еді ғой. Сол сияқты Бекзат Олимпиаданың әрбір жекпе-жегінде өсе түсті. Оның финалдағы қарсыласы Рикардо Хуарес ешкімнен жеңілмеген, әлем чемпионы атанған ең мықты боксшы болатын. Оны жеңеді деп ешкім ойламады. Бірақ Бекзат оның да айласын тапты», - деді Ермахан Ыбырайымов.
Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттарханов тірі болса, 4 сәуір күні 43 жасқа толар еді. Ол 2000 жылдың 31 желтоқсанында жол апатынан қайтыс болды.