Жаңалықтар

«Ұлы дала квартиранттары»: Мұқаев қазіргі тұрғын үй бағдарламаларын сынады

«Ұлы дала квартиранттары»: Мұқаев қазіргі тұрғын үй бағдарламаларын сынады

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев баспананы 10% бастапқы жарнамен алуды ұсынды. Бұл туралы ол төменгі палатаның жалпы отырысында жасаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды Taulik.kz.

«Үйі жоқтың - күйі жоқ» елімізде қолжетімді баспана - ең өзекті мәселелердің бірі. Халқымыздың «ұлы дала квартиранттары» атанғаны да жанға қатты батады. Анығын айтқанда, үйсіз-күйсіз жүрген қазақстандықтарды қолжетімді және сапалы баспанамен қамтамасыз ететін мемлекеттік бағдарламалар қолжетімді болмай отыр. Бүгінгі таңда тұрғын үй бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар халықтың сұранысын қанағаттандырмауда», - деді ол.

Депутат елімізде жұмыс істейтін тұрғын үй бағдарламаларының тиімсіздігін сынады.

«Әділет министрлігінің тіркеу қызметі мен заң қызметінің ұйымдастыру департаментінің мәліметі бойынша 2022 жылы 129 707 жұп некеге тұрса, 51 мың жұп ажырасқан. Бұл дегеніміз үйленгендердің 40 пайызға жуығы, яғни 3-ші жұп ажырасады деген сөз. Ажырасудың басты себебі материалдық қажеттілігі екенін ескерсек, соның ішінде баспана -бірінші орында. Жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету - біршама мәселенің алдын алары сөзсіз. Сондықтан мемлекеттік деңгейде жас отбасы бағдарламасының бастапқы жарнасы 10 пайыздан аспайтындай бастама ұсынамын», - деді Мұқаев.