Жаңалықтар

«Мемлекет қолдауы майшелпекке айналды» – Аслан Каженов

«Мемлекет қолдауы майшелпекке айналды» – Аслан Каженов

Спорт журналисі Аслан Каженов отандық спорттың дамуы кешенді бір жолға қойылуы үшін және барлық федерация жүйелі жұмыс жасауы үшін заңды өзгерту қажет екендігін айтты, деп жазады taulik.kz. Журналистің айтуынша, заңға өзгеріс енгізу қажеттілігі өткен аптадағы ата-аналардың бас көтеруінен туындаған. Дауға отандық таэквондоның әбден былыққа батуы себеп деді ол өзінің парақшасында.
«Өткен аптада ата-аналар бас көтерді. Себеп – отандық таэквондо әбден былыққа батты. Құзырлы федерация ел чемпионатын өткізгісі келмейді, бас бапкерді ауыстырғысы келмейді, жалпы ешқандай жауапкершілікті мойнына алғысы келмейді. Бірақ мемлекеттен ақшаны өкіртіп алып жатыр. Сол күні осы кабинетте абыр да дабыр, жиналыс өтті, талқылау өтті. Айтпағым, ақыры нүктесі қойылды», - деді ол.
Спортты дамыту дирекциясының директоры Оралбай Жақсымбетовтың айтуынша, ел чемпионаты 2023 жылдың жаз айларында өтеді. Жиналыстағы талқылаудан кейін ұлттық құрамаға ашық әрі әділ іріктеудің өтетіні, бас бапкерге талап күшейтілетіні әрі спорт федерациясының жүйелі жұмысы үшін заңды өзгерту қажет екендігі айтылған.
«Яғни ел ішіндегі барлық балаға бірдей мүмкіндік беріліп, ашық әрі әділ іріктеу болады. Сәйкесінше алдағы уақытта да ішкі біріншілік белгіленген уақытта ғана ұйымдастырылады. Оны өзгертуге не мүлде өткізбеуге жол берілмейді. Екіншіден, бас бапкерге талап күшейтіледі. Қазір ұлттық құраманы жаттықтыратын маман 9 жыл бойы орнынан қозғалмады. Соған сәйкес нәтиже болса бір жөн. Жоқ. Дым да жоқ. Жоспарды минималды қойып алады да, соны орындаған болып жүре береді. Енді құзырлы министрлік алдағы әлемдік додалардан жоғары көрсеткіштер талап етпек. Орындай алмайды ма, бас бапкерді ауыстырады. Үшіншіден, бұның барлығы даудан кейін қолға алынған шаруалар ғана. Ал енді отандық спорттың дамуы кешенді бір жолға қойылуы үшін және тек таэквондо ғана емес, барлық федерация жүйелі жұмыс жасауы үшін заңды өзгерту керек. Қазір қолданыстағы нормалар осындай қитұрқылықтар жасауға, бюджеттен қыруар қаржыны алып, бірақ жеме-жемге келгенде сырғып кетуге өте ыңғайлы», - деді Аслан Каженов.