Мәслихаттардың өкілеттігі кеңейтілмек
Мәслихаттардың өкілеттігі кеңейтілмек
Барлық деңгейдегі мәслихаттардың мәртебесін көтеру ескеріліп отыр. Бұл туралы Мәжілісте «Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң жобасын таныстыру кезінде Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков айтты, деп хабарлайды taulik.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Барлық деңгейдегі мәслихаттардың мәртебесін көтеру мақсатында қосымша өкілеттіктер берілетін болады. Бұл тұрғыда әкімдердің халықпен кездесулерінде көтерілген проблемаларды әкімдіктердің шешуі барысына мониторинг жүргізу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарға ақшалай сыйақы мөлшерін айқындау, депутаттардың әкімдіктің бюджеттік комиссияларының жұмысына қатысуы, сондай-ақ қажет болған жағдайда бюджетті нақтылауға бастама жасау құқығын беру ескерілген», - деді Б. Омарбеков.Оның айтуынша, мәслихат төрағасының және мәслихат аппараты басшысының әкімшілік әрі ұйымдастыру мәселелері бойынша өкілеттіктері де қайта қаралды. Бұдан бөлек, тексеру комиссияларының қызметін күшейту ескерілген. Осы орайда, Жоғары аудиторлық палатаны қаржыландыру тәртібіне ұқсас тексеру комиссиясын қаржыландырудың жеке тәртібі қолданылмақ. Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілісте таныстырылған заң жобасы аясында Қазақстанда ауылдық округ кеңестерін құру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, ауыл әкімі мен оның аппаратына қосымша функциялар берілмек. Сонымен қатар Қазақстан аумағында қалалық өзін-өзі басқару кеңестері құрылады. Бұл ретте елорда, республикалық және облыстық маңызы бар қалалар деңгейінде қарастырылып отыр.