Жамбыл облысы басқарма басшысының орынбасары 6 жылға сотталды
Жамбыл облысы басқарма басшысының орынбасары 6 жылға сотталды
Тараз қаласының №2 соты алаяқтық, ірі мөлшерде кісі мүлкін жымқыру және иемдену бойынша айыпталған 4 тұлғаға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды taulik.kz соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы мемлекеттік мекеме басшысының өсімдік шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары К. және кәсіпкерлер Е., Д. және М. субсидия қағидаларын бұза отырып, «Альбион» құлпынай көшеттеріне мемлекеттік субсидия алған. Олардың бір бөлігі алаяқтық жолмен ұрланып, жеке қажеттіліктеріне жұмсалған. Мемлекетке 550 849 430 теңге көлемінде залал келтірілді», - делінген ресми хабарламада.Сот ақпаратында айтылғандай, айыптылардың кінәсі куәгерлер айғағы, бейнежазбалар, сарапшылардың қорытындылары және заттай дәлелдермен расталды. Прокурор істі қарай келе Д. мен М.-ны (кәсіпкерлер) 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын, шартты түрде тағайындауды, сонымен қатар К.-ны (ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары) 6 жылға бас бостандығынан айыруды және Е.-нің (кәсіпкер) мүлкін тәркілеп, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Өз кезегінде сотталушылар кінәларын мойындамай, ақтауды өтінді.
«Жаза тағайындау кезінде сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайға К.-ның кәсіби антты бұзғаны, ал жеңілдететін жағдайларға бұрын сотталмауы мен К., Д. және М.-ның жас балаларының болуын ескерді. Сот үкімімен К. кінәлі деп танылып, оған 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылды», - делінген үкімде.Сондай-ақ сот үкімінде Е.-нің де мүлкі тәркіленіп, кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан айыра отырып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
«Д. мен М.-ға мүлкі тәркіленіп, кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан айыра отырып, әрқайсысына 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Қылмыстық кодекстің 63-бабына сәйкес пробациялық бақылау белгілене отырып шартты түрде тағайындалды», - деп хабарлайды Тараз қаласының №2 сотынан.Үкім заңды күшіне енген жоқ.