"Жылқыны бағындыру үшін мінез керек" - 15 жастағы көкпаршы қыз
"Жылқыны бағындыру үшін мінез керек" - 15 жастағы көкпаршы қыз
«Ат аунаған жерде түк қалады» демекші бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде көкпар тартып жүрген қазақы мінезді Алтынай атты бойжеткен өзінің қайсарлығымен көпшілікті тәнті етті. Taulik.kz тілшісі 5 жасынан атқа мінген, шабандоз кегендік ару Алтынай Еркінбекпен тілдесіп көрді.
Ауылда төрт түліктің қыр-сырын меңгерген Алтынай - Кеген ауданы, Жалаңаш ауылында тұрады, әрі үйінің жалғыз қызы. Ат десе ішкен асын жерге қоятын ару сүйікті ісіне де, оқуына да уақыт табуға тырысады.
«Отбасымда жалғыз қызбын. Қазіргі таңда Алматы облысы, Кеген ауданына қарасты Жалаңаш ауылында 9-сынып оқимын. Кішкентай кезімнен атқа қызығушылығымды әкем ашқан болатын. Әулетімізде әкем де атбегілікпен айналысады. Атқа мінумен қатар би билеген ұнайды. Би үйірмесіне барғаннан бастап билеуге қызығушылығым артты. Атқа бес жастан бастап мінгем, содан бері түспедім. Әлі күнге дейін ат десе, ішкен асымды жерге қоямын. Үй жұмысынан гөрі сыртта жүрген ұнайды», – деді ол.Қыз баласы табиғатынан нәзік, сезімтал болып келетіні белгілі, қазақта «ат - жігіттің майданы» деген. Алайда өжет қыз Алтынайдың айтуынша, оған көкпар тартқан ұнайды, әрі қызығып жүргеніне бір жылға жуық уақыт болған.
«Мен кез келген асау атқа, тіпті, бәйге аттарына да мініп, шаба аламын. Арасында асау аттардан құлаған кездерім де болды. Анам «қыз баласын, мінбейсің, мертігіп қаласың» деп қарсылық танытқан. Бірақ мен сонда да атқа мініп, көкпарға бардым. Бұл қызға тән іс болмаса да, талғамға талас жоқ», - деді Алтынай.Ол әр аптаның сенбі күні үйіндегі екі атын кезек-кезек мінетінін, әрі оларды асау қалпынан қалай жуас атқа айналдырғанын айтты.
«Мен кез келген атқа міне аламын, егер ол асау болса оңай жуастата аламын. Жылқыны бағындыру үшін, ең алдымен, күш емес, мінез керек дейді. Егер атқа дұрыс отырмасаң, ол қырсығып алады. Ал маған жануарлармен тіл табысқан ұнайды. Солай жуастатып, аттарды еркін қарғыта аламын. Менің үйімде екі ат бар, оларды кезек-кезек мінемін. Бірақ өзімнің жеке атым болса екен деп армандаймын», - деп арманын да қоса өтті.«Қазақстанның болашағы үшін қандай үлес қосқыңыз келеді?» деген сауалға көкпар тартып жүрген ару ерекше жауап берді.
«Негізі арманым көп. Болашақта актриса болғым келеді. Арманнан бөлек атбегі, биші болсам деген мақсаттарым бар. Қазақстанның болашағы үшін, атбегілік өнері ұмыт болмас үшін, оны дәріптеп, спорт кешенін көптеп ашуды қолға алуға кеңес берер едім», - деп жауап берді ол.
Сұхбаттасқан: Гауһар Есенгелдіқызы
Посмотреть эту публикацию в Instagram