Жаңалықтар

Жигули Дайрабаевтың басы тағы да дауға қалды

Жигули Дайрабаевтың басы тағы да дауға қалды

Жамбыл облысының тұрғындары егістік пен мал жаятын жер таппай жүр. Айтуларынша, Кеңес ауылындағы 10 мыңнан астам гектар алқапты жеке компания иемденіп алған. Кейін сол жерді кепілге қойып, банктен 1 жарым миллиард теңге алған дейді ауыл тұрғындары. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады, деп жазады Taulik.kz. Жер дауында су жаңа мәжілісмен Жигули Дайрабаевтың да аты аталды. Депутат бұған дейін сол компанияның атқарушы директоры болған. Жигули Дайрабаев күні кеше Мәжіліс депутаты болып мандат алған. Саяси дода аяқталып, қыз-қыз қайнаған өмірі бір сәтке артта қалған сияқты еді. Алайда су жаңа депутаттың есімі тағы да ел аузында. Бұл жолы, бірақ басқа жағынан.
"Мен қазір Жамбыл облысы Меркі ауданына қарасты Кеңес ауылында жүрмін. Кеңес одағы тараған кезде мына суармалы жерлер болсын, жап-жасыл болып жатқан, егістік жерлер болсын, жайылым жер болсын, халыққа бөлініп-бөлініп таратылған еді".
2004 жылы қазір Мәжіліс депутаты болып отырған Жигули Дайрабаев ауылға келіп, халықтың сеніміне кіріп, алдап, 10 мың гектардан астам жерді заңсыз иемденіп алғанын халық жарыса айтуда. Жерді иеленген «Kazexim» серіктестігі. Жигули Дайрабаев сол компанияның атқарушы директоры болған. Алғашқы жылдары аз-маз болсын дивиденд төлеп отырғанын тұрғындар растады.
«Меркі ауданының сол кездегі әкімі Рысмендиев мырза өзінің лауазымын пайдалана отырып, бұл кісілерден жерді алып қою туралы үкім шығарады. Халықтан жерді алып қою туралы қаулыдан кейін 2006 жылы Жигули Дайрабаев өзінің компаниясы атынан алып қойған жердің бәрін «БТА банкке» кепілге қойып, 1 миллиард 530 миллион 819-мың теңге алады. 2007 жылы 16 қарашада. Ол дәлелдің бәрі қағаз жүзінде бізде бар», - дейді Кеңес ауылының тұрғыны Салтанат Құралбаева.
Жердің жекеге өтуінен төрт түлікпен күнін көріп отырған Кеңес ауылы тұрғындары жайылымға да зар болып қалған. Ал депутат Дайрабаев тұрғындардың айтқанын жоққа шығарды. Тек аталған компанияда бес жылдай жұмыс істегенін растады. Бірақ жер мәселесіне «мүлдем қатысым жоқ» деп отыр.
«2003-2008 жылдары жұмыс істегенім рас. Бірақ Меркі ауданында бір гектар да жерім жоқ. Мен Құдайдың алдында да, халықтың алдында да арым да, ұятым да таза. Мен атқарушы қызмет атқардым. Біз енді жалдамалы қызметкер болдық. «Ек» деді, ектік, «шап» деді, шаптық, «өткіз» деді, өткіздік. Халыққа жұмыс орнын бердік», - дейді Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев.
Кеңес ауылында жер жеткіліксіз екенін аудандағы атқамінерлер де растап отыр. Жалпы 11мың гектар жер болса, оның шамамен 20 пайызы бір ғана «Смарт Агро Қарқара» Серіктестігіне тиесілі. Қалғаны тұрғындардың иелігінде дейді шенеуніктер.
«Біз өткен жылы анықтағанымыз бойынша 120 гектар жер пайдаланылмаған. Осы аптаның аяғына дейін барып, қағаздарға қол қойдыртып, сот тәртібімен жүретін мәселелер бар. Жұмыс жүргізіліп жатыр. Апта соңына  дейін құжаттарды сотқа жолдайтын боламыз», - дейді Меркі ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы Данияр Нұрпейісов.
Ауыл тұрғындары әкімдіктегілердің уәдесіне сенбейді. Мәселенің ақ-қарасын ашып, жерді халықтың өзіне қайтару үшін соңына дейін барамыз деп отыр.