ҰҚК департаментінің бұрынғы басшысы 6 жылға сотталды
ҰҚК департаментінің бұрынғы басшысы 6 жылға сотталды
Талдықорған қалалық соты Алматы облысы ҰҚК департаментінің бұрынғы басшысы Сәбит Құрманалиевті 6 жылға бас бостандығынан айырды. Тергеу болжамынша, Қаңтар оқиғасы кезінде ол қарамағындағыларға ғимараттан кетуге бұйрық берген. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады, деп жазады Taulik.kz.
Құрманалиев “Билік өкілетін асыра пайдаланды” (362-бап, 4-бөлік) деп айыпталған.
Сот ақпаратына қарағанда, ҰҚК департаментінің бұрынғы басшысы 2022 жылы 5 қаңтарда қарамағындағыларға “заңсыз бұйрық” беріп, департаменттің “әкімшілік ғимаратын тастап кетуді” тапсырған. “Қызметтік құпия құжаттарды жойып, тұрғылықты жайларына тарау” қажеттігін айтқан. Осылайша ҰҚК департаментінің басып алынуына жағдай жасаған.
Сот қалған ақпарат істің "құпиялығына" байланысты жарияланбайтынын айтқан. Соттың шешімімен Құрманалиевті құқық қорғау органдарында 10 жыл қызмет атқаруға да тыйым салды. Бұған қоса Қазақстан президентіне Құрманалиевті ұлттық қауіпсіздік саласының генерал-майоры атағы мен мемлекеттік награда, ордендерінен айыруды ұсынған.
Құрманалиевтің тағылған айыптарды мойындағаны-мойындамағаны белгісіз. Қорғау тарабының ақпарат құралдарына мәлімдеме жасағаны жөнінде ақпарат жоқ. Үкім заңды күшіне енбеді.
ҰҚК департаментінің бұрынғы бастықтарына тағылған айып туралы ақпарат күдіктілер ұсталғаннан кейін бір жыл бойы айтылмады. Олар жөнінде негізінен ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовке тағылған айыптардың деталі ретінде айтылған.