Жаңалықтар

«Ақшаңды көбейтіп беремін»: 12 адамды өлтірген бақсы ұсталды

«Ақшаңды көбейтіп беремін»: 12 адамды өлтірген бақсы ұсталды

Индонезия полициясы 12 адамды өлтірді деген айыппен Ява аралында ауыл бақсысын қамауға алды. Оның бақшасынан бірнеше жерленген мәйіт табылды, деп хабарлайды Taulik.kz.

Azattyq Ruhy жазуынша, Сламет Тохари есімді бақсы полицияға ондаған адамды өлтіріп, көміп тастағанын мойындаған. 

Полицейлердің айтуынша, бақсы өз клиенттеріне қолма-қол ақшаны сиқыр арқылы көбейте аламын деп уәде берген. Алайда аңқау тұрғындардың ақшасын алған соң қайтарудың орнына, оларды улап өлтіріп отырған. Қылмыстық алаяқтық бақсының соңғы құрбандарының бірінің ұлы полицияға хабарласқаннан кейін әшкере болған. Әкесі жоғалып кетер алдында ұлына WhatsApp-пен хабарлама жіберіп, өзінің қайда кеткенін айтқан. Егер 26 наурызға дейін қайтып келмесе, полицияға хабарлауды тапсырған.

«Полиция Тохаридің Деса Балун ауылындағы үйіне тінту жүргізіп, оның бақшасынан шала көмілген бірнеше адамның денесін тапқан. Кей шұңқырда 25 пен 50 жас аралығындағы екі-үш адам қатар көмілген және олардан зорлық-зомбылық белгілері байқалмаған», - делінген хабарламада.

Тохари еш қарсылық танытпастан, оларды өзі өлтіргенін мойындады. Бұрын оның жалған банкнот жасағаны үшін жазасын өтеп келгені анықталды. Енді кінәсі дәлелденсе, ол өлім жазасына кесіледі.

Айта кетейік, Тохари кісі өлтіруді үш жыл бұрын бастаған. Ол өзгелерді «сиқырмен ақшаңды көбейтіп беремін» деп алдап үйіне шақырған соң, оларға калий цианиді қосылған ұйықтататын дәріні сусынға араластырып беріп отырған.

Полиция сонымен қатар бақсының әлеуметтік желілерде ақшаны сиқырмен көбейту туралы қызметін жарнамалаған сыбайласын да ұстады, алайда Тохари жалғыз әрекет еткенін айтады.

Индонезияда «қолма-қол ақшаны сиқырмен көбейтіп беремін» деп сендіретін алаяқтар жиі кездеседі. Жергілікті халық сиқырға да, бақсыларға да қатты сенетіндіктен, әлеуметтік желілерден ондай алаяқтардың жарнамасын көптеп көруге болады.