Жаңалықтар

10 жасар баланың асқазанынан бір келіге жуық шаш шықты

10 жасар баланың асқазанынан бір келіге жуық шаш шықты

Алматыда хирургтар ұл баланың асқазанынан 900 грамм шаш пен жүн алды. 10 жасар науқас балалар ауруанасына іш ауыруы, құсу, ауырсыну және әлсіздік шағымдарымен жеткізілген, деп хабарлайды taulik.kz Azattyq Ruhy агенттігіне сілтеме жасап.

Анасының айтуынша, баланың шаш, жүннен жасалған бұйымдарды, киізді шайнап, жұтып қоятын жаман әдеті болған. Ол кілемнің түгін де суырып алып шайнайды екен.

«Дәрігерлер 90 минут операция жасады. Асқазаннан үлкен трихобезоар алынды. Баланың асқазанында шырыш пен тағам араласқан 900 грамм шаш пен жүннен диаметрі 20-да 15 см болатын орам пайда болған», - деп хабарлады Алматы қаласының №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының баспасөз қызметі.

№2 қалалық клиникалық балалар ауруханасының хирургиялық бөлімшесінің меңгерушісі Марат Қаптағаев атап өткендей, трихобезоар қорытылмаған заттардың – шаш пен жүннің тамақ массасымен жиналуынан пайда болған, ол асқазан сөліне араласып, тығыз орамға айналған.

«Баланың жалпы жағдайының ауырлығына және операцияның күрделілігіне байланысты науқас бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатып, одан әрі хирургиялық бөлімде емделіп, 11-күні ауруханадан шығарылды», – дейді балалар хирургі.

Осы орайда дәрігер ата-аналарға баласының патологиялық мінез-құлық реакцияларына ерекше назар аударып, аталған жаман әдеттер болған жағдайда дереу мамандарға: психологтарға (психотерапевттерге), невропатологтарға, гастроэнтерологтарға хабарласуға кеңес берді.