Су басқан өңірде тұрғындар қайтыс болғандарды қайықпен тасып жүр
Су басқан өңірде тұрғындар қайтыс болғандарды қайықпен тасып жүр
Ақмола облысында Сарқырама өзені тасып, Арбузинка ауылының жолын шайып кетті, деп хабарлайды taulik.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Сыртқа шыға алмай қалған 200-дей тұрғын қайтыс болған жерлестерін ақтық сапарға қайықпен аттандыруға мәжбүр. Мәйітті арғы бетте қалған зиратқа жеткізу үшін ескекті қайыққа салып жібергенімен, көпшілігі сыртта жанын шүберекке түйіп тұр. Өйткені қалт-құлт еткен ескі қайық қырық жамау. Сарқырама өзені жанай өтетін Арбузинка ауылының тұрғындары жыл сайын көктемде көретін күніміз осы деп отыр. Бір аптадан бері 30 оқушы да көрші ауылдағы мектепке жете алмаған. Мұнда медицина пункті де жоқ. Сандықтау ауданының шенділері қолдан келер қайран жоқ, 200 метрге жететін көпір салуға кемінде 1 жарым миллиард теңге қажет дейді. Сондықтан күн жылынып, су ағып кеткенін күткеннен басқа амал жоқ.
“Арбузинка ауылы биік жерде тұрғандықтан, үйлерге су кірген жоқ. Сарқырама өзеніндегі мұз еріген кезде, жылда осындай жағдай орын алады. Тұрғындар азық-түлікпен қамтамасыз етілген. Қазір су деңгейі ақырын төмендеп келеді. Соңғы тәулікте ағын су 20 сантиметрге түсті. Қажет жағдайда қайықпен тасымалдаймыз”, – деді Сандықтау ауданы ТЖБ бастығы Әсет Жанғожин.