Жаңалықтар

Қылмыстық топ құрып, кәсіпкерлерді бопсалаған блогер тұтқындалды

Қылмыстық топ құрып, кәсіпкерлерді бопсалаған блогер тұтқындалды

Таразда ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті Жамбыл облысы Полиция департаменті мен ҰҚК қызметкерлерімен бірлесіп, прокуратураның атсалысуымен қылмыстық топты қолға түсірді. Бұл туралы taulik.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. Бұған дейін ведомствоның жедел қызметкерлерінің назарына бірнеше рет бопсалау, қылмыстық текетірес, қала мен облыс аумағындағы кәсіпкерлерден қарыздарды қайтаруға қатысқан топ іліккен. Қылмыстық топтың жетекшісі соңғы уақытта өзін қоғам белсендісі ретінде танытқан. Патриоттық қозғалыстың атын жамылып, «қайырымдылық жасайтын қоғамдық қор» құрған. Ол өзінің қылмыстық беделін «әділеттілікті жақтаушы» блогер ретінде насихаттап, әлеуметтік желілерде белсенді болған. Өз қорына ерікті жарна түрінде қылмыстық «қамқорлығы» үшін кәсіпкерлерді бопсалап, ақша талап етіп отырған. Келіспегендерге күш қолданған. Топтағы тоғыз адам полиция бөлімшесіне жеткізілді. 20-дан астам тінту жүргізіліп, Қаңтар оқиғасы кезінде облыстық Полиция департаментінен ұрланған Калашников автоматы, екі Макаров тапаншасы, мылтық, травматикалық тапанша мен басқа да суық қару, екі келіден астам есірткі тәркіленді.
«Қылмыстық топқа қатысты бопсалау, қару мен есірткіні заңсыз сақтағаны үшін 12 қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасуда, – деді ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.