Жаңалықтар

Министр жылыту маусымына дейін атқарылуы тиіс іс-шараларды айтты

Министр жылыту маусымына дейін атқарылуы тиіс іс-шараларды айтты

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев алдағы жылыту маусымына дейін атқарылуы тиіс іс-шараларды атады, деп хабарлайды taulik.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. «Алдағы жылу беру маусымына дайындық аясында облыстардың, Алматы, Астана және Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдары тұрақты жылумен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін жылыту маусымы аяқталғаннан кейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың және әлеуметтік саланың барлық объектілерін алдағы 2023-2024 жылдардағы жылу беру маусымына дайындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуі және бекітуі, көмір қажеттілігінің дұрыс жоспарларын қалыптастыруы қажет», - деді министр. Сонымен қатар министрдің айтуынша, жергілікті атқарушы органдар 2023 жылғы 1 маусымға дейінгі мерзімде жылу желілерінің жай-күйіне техникалық тексеру жүргізуге және жеке желілерді коммуналдық меншікке берудің орындылығы мәселесін қарауға, 2023 жылдың соңына дейін 2024 жылғы құрылыс-монтаждау жұмыстарын қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді аяқтауға, жазғы уақытта тұйықтарда және көмір шұңқырларында көмір қорларын жинауды бастауға, сауда биржасының ашық жұмысын және көлемдердің біркелкі бөлінуін қамтамасыз етуге міндетті. «Жалпы, жылу беру маусымына дайындық және оны өткізу министрліктің тұрақты бақылауында», - деді ол. Министр бұған дейін Павлодар, Абай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында жылу желілері көп тозғанын айтты. Айтуынша, 2029 жылға қарай жылумен жабдықтау желілерінің тозуын 43 пайызға дейін төмендету міндеті тұр.