Жаңалықтар

Қазақстандық спортшы Азия чемпионы атанды

Қазақстандық спортшы Азия чемпионы атанды

Бүгін Астана қаласында өтіп жатқан әйелдер күресінен Азия чемпионатында қазақстандық Эльмира Сыздықова (76 келі) алтын алды, деп хабарлайды taulik.kz  Stan.kz сайтына сілтеме жасап. Құрлықтық додада ол финалда қырғызстандық Айпері Медетқызымен жекпе-жекке шықты. Қазақстандық балуан қарсыласынан жинақы қимыл көрсетті. Нәтижесінде шеберлік танытып, Азия чемпионы атанды. Құрлықтық бәсекеде алғашқы белдесуінде ол өзбекстандық Озода Зарипбаеваны мерзімінен бұрын жеңіп кетті. Одан кейін қытайлық Хуан Вангті ұпай санымен қапы қалдырды. Айта кетейік, Э. Сыздықова биыл еліміздің VI жазғы Спартакиадасында топ жарды. Эльмира осыған дейін Азия чемпионатында 1 алтын, 2 күміс, 3 қола алған еді. Сонымен бірге бұған дейін ел құрамасынан Марина Седнева (55 келі) 3-орын үшін сайыста Нгуень Ти Май Трангты жеңіп, қола жүлде алған болатын. Сондай-ақ Елена Шалыгина (68 келі) 3-орын үшін Мээрим Жуманазаровадан басым түсіп, тағы бір қоланы қоржынға салды. Ал Диана Каюмова (59 келі) қола жүлде үшін сайыста қырғызстандық Калмира Билимбекқызынан жеңіліп қалды. Енді 12 сәуірде әйелдер күресінен 53, 57, 62, 65, 72 келі салмақта балуандар бақ сынайды.