Жаңалықтар

Маңғыстауда жарылайын деп тұрған «жара» көп – министр

Маңғыстауда жарылайын деп тұрған «жара» көп – министр

Дау тудырған тендерлік процедураларды жан-жақты зерттеп, тиісті шешім қабылдамаған квазимемлекеттік мекемелердің лауазымды тұлғаларының жауапкершілігі қаралуы керек. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Еділ Жаңбыршин мәлім етті, деп хабарлайды taulik.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Кейінгі жылдары еліміздің батыс өңірлерінде мұнай-газ кәсіпорындарында қызмет көрсететін сервистік компаниялар жұмысшыларының ереуілдері жиілеп кетті. Күні кеше бір топ маңғыстаулық мұнайшылар өңірде өз мәселелелері шешілмегесін Астанаға келді. Өткен жылы да осындай оқиға бас қаламызда орын алған болатын. Сонымен қатар кешегі сайлауалды үгіт-насихат кезінде бірнеше сервистік компанияр «Самұрық-Қазына» қорының ережелерінің талаптарының ескіргенін және қазіргі жағдайға сәйкес келмейтінін айтып, шағымданған болатын. Мәселен, Маңғыстауда бір жауапкершілігі шектеулі серіктестік жұмыссыздық белең алған Жаңаөзен қаласында, Жетібай кентінде, Мұнайлы ауданында цехтар ашып, негізінен жергілікті әйел азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтып, мұнай компанияларына арнайы киім тігуді қолға алған болатын. Алайда жыл сайын өтетін тендерлердің кесірінен контракт ала алмай қалса немесе баға демпингісінен шарт сомасы едәуір төмендесе, 90% жұмысшы жұмыссыз қалайын деп отыр. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады», - деді Е. Жаңбыршин Үкімет басшысы Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Осы орайда ол Мәжілістің жетінші шақырылымында Маңғыстаудағы жұмыссыздыққа және еңбек дауларына қатысты мәселелер көтерілгенін еске салды.

«Бірақ Үкімет, «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз» және жергілікті атқарушы билік тарапынан жүйелі жұмыстар, тиісті нәтиже болмады. Ал Маңғыстауда жарылайын деп тұрған «жара» көп. Оларды кешенді түрде «емдеумен» айналыспаса, дау-дамай әрі қарай жалғасып, ушыға береді. Үкімет комиссиясын құру жөнінде сізге хат та жолдадық. Оған әлі жауап бермедіңіз. Қашанғы көзді жұмып, құлақты бітеп, ауызды буып отыра бересіздер. Мәселені шешетін уақыт өтіп бара жатыр. Ертең, «қолымызды мезгілінен кеш сермедік» деп жүрмеңіздер. Сервистік және басқа да мердігер компаниялар бюджетке салығын төлеп, өздеріне инвестиция құйып, халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге мүдделі. Бірақ келесі факторлар: тендерлердің әділетсіз өтуі, жемқорлық, тарифтердің төмендігі, баға демпингісі және басқа да мәселелер оған мүмкіндік бермей отыр. Бұл өз кезегінде компаниялардағы жалақы деңгейінің төмен болуына, әлеуметтік пакеттердің төленбеуіне, еңбек қауіпсіздігінің сақталмауына, техникалардың жаңаланбауына себеп болып отыр. Айта кететін жайт, өткен сенбі күні Ақтау қаласында ереуілге шыққан «БерАли Маңғыстау Company» мекемесінің басшыларымен кездестім, жоғарыда келтірілген кемшіліктерді олар да айтты», - деді депутат.

Оның пайымынша, «Самұрық-Қазына» қоры өздерінің ережелеріне тиісті өзгерістерді шұғыл түрде енгізуі қажет.

«Біріншіден, баға демпингісіне шектеу қою керек. Мысалы, тендер кезінде бағаны 10 пайыздан төмен түсірмеу керек. Екіншіден, сервистік компаниялармен көпжылдық келісімшарттарға отыру мәселесі шешілсін, яғни компаниялар жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет. Үшіншіден, тендерге шығарылатын жұмыстар мен қызметтердің қаржы көлемінде еңбекақы қоры және әлеуметтік пакет бөлек көрсетіліп, ол баға ойынына түспеуі керек. Бұл жұмысшылардың дұрыс жалақы алуына, әлеуметтік жағынан қорғалуына кепілі болады және тендерді ұтып алған компаниялардағы жағдайды мемлекеттік органдар мен тапсырыс беруші жағынан бақылап отыруға мүмкіндік туады. Бұдан басқа кешегі дау туғызған тендерлік процедураларды жан-жақты зерттеп, егер кемшіліктер анықталса, тиісті шешім қабылдамаған квазимемлекеттік мекемелердің лауазымды тұлғаларының жауапкершілігі қаралсын», - деді Еділ Жаңбыршин.