Елордалық азамат досының 4 айлық қызына бауырын берді
Елордалық азамат досының 4 айлық қызына бауырын берді
Бекарыстан Аманжолов өзінің досы Уәлиханның 4 айлық қызына донор болып, сәбидің өмірін аман алып қалуға себепкер болды, деп хабарлайды Taulik.kz.
Turkistan.kz жазуынша, кішкентай Әсияға дәрігерлер «бауыр церрозы» деген диагноз қойған. Бірнеше ай бойы дертпен барынша күрескенімен, күн өткен сайын оның жағдайы тек нашарлай берді. Артынша емге 40 млн теңге қажет екені анықталып, арнайы қор ашылды. Көптің көмегімен бүлдіршінді емдету үшін ата-анасы Әсияны алып Түркияға аттанды. Сол жақта дәрігерлер бауыр трансплантациясын жасауға шешім қабылдап, донор іздестіре бастаған. Сол кезде Әсияның әкесі Уәлиханның досы Бекарыстан Аманжолов өз еркімен донор болуға келісім берген. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік әрі өте үлкен жауапкершілік. Себебі, бауыр трансплантациясы хирургиядағы ең ауыр ота саналады. Сондықтан да өз басын бәйгеге тігіп, досының басына түскен қиын жағдайда жанынан табылып, қолұшын созған Бекарыстанның бұл әрекеті – нағыз ерлік.
Әсияның әкесі Уәлихан мен Бекарыстан студенттік шақта дебат ойнап жүріп танысқан. Сол кезден бері жақсы араласып, бүгінде отбасылық достарға айналған. Бірнеше жылға созылған достық осы жағдайдан кейін одан әрі беки түсері хақ.
Әрине, мұндай шешімді қабылдау оңай болмағаны анық. Бірақ түрлі қауіп-қатерге қарамастан Бекарыстан досына және оның отбасына көмектесуге бел байлады. Осылайша, бірнеше тексеруден өтіп, Әсияға донор бола алатыны анықталды.
«Мұндай жауапкершілік арқалаймын деп ойламадым. Ернар досым айтпақшы, үш ұйықтап тұрып, қайта үш ұйықтасам да бір сәбидің өмірін сақтап қалуға тамшыдай үлесім боларын елестете алмадым. Енді ұғып жатырмын. Әрине, өз еркіңмен пышақ астына түсу оңай емес екен. Алайда шешінген судан тайынбас», – деп өз әсерімен бөлісті Бекарыстан Аманжолов Instagram парақшасында.8 сәуір күні жасалған трансплантациялық ота сәтті өтті. Бүгінде донор болған Бекарыстан аяққа тұрып, өз-өзіне келіп жатыр. Ал 4 айлық Әсияның жағдайы әлі де дәрігерлердің бақылауында. Бекарыстан досына қолұшын созу үшін өз басын бәйгеге тігіп, ерлік жасады. Бұл жағдайдан кейін олардың достығы одан да күшейе түсері хақ. Себебі, мұндай қадамға кез келген дос бара бермейді. Бекарыстан өз отбасы бола тұра, досының қызы үшін еш ойланбастан көмекке келді. Сондықтан да ол – бүгінгі күннің батыры деген атқа лайық азаматтардың бірі.