Жаңаөзенде болған жарылыстың себебі анықталды – прокуратура
Жаңаөзенде болған жарылыстың себебі анықталды – прокуратура
Жаңаөзенде екі қабатты тұрғынүйде болған жарылыстың себебі анықталды, деп хабарлайды Taulik.kz.
Azattyq-ruhy.kz жазуынша, облыстық прокуратура хабарлағандай, көппәтерлі үйдегі жарылысқа газдың жылыстап ағуы себеп болған.
«17 сәуір 2023 жылы сағат 04:05 шамасында Жаңаөзен қаласы, Шұғыла мөлтек ауданында орналасқан 2-қабатты үйде газдың ағуы салдарынан жарылыс болды. Осы факті бойынша Маңғыстау облысы бойынша ТЖД-мен ҚР ҚК-нің 292-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», - деді Маңғыстау облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.Қазір аталған іс бойынша облыс прокуратурасымен процестік прокурорлар тобы айқындалып, облыстық ТЖД және ПД басшыларының бірлескен бұйрығы негізінде ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру облыс прокуратурасының бақылауына алынып, тергеу әрекеттері жалғасып жатыр. Еске салайық, бүгін таңғы сағат 04:05-те Жаңаөзен қаласында 12-пәтерлі екі қабатты тұрғын үйдің екінші кіреберісінде жарылыс болды. Болжам бойынша газ қоспасы төгіліп, 150 шаршы метр аумаққа зиян келді. Жарылыс салдарынан 4 адам қаза тапты. Аталған дерекке қатысты жедел штаб құрылды. Сондай-ақ төтенше жағдай салдарынан баспанасыз қалған тұрғындарға жаңа пәтер берілетіні хабарланды. Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев үйінді астында қалған барлық зардап шеккендер сыртқа шығарылғанын және аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.