Жаңалықтар

Бұрынғы депутатты тікелей эфир кезінде атып өлтіріп кетті

Бұрынғы депутатты тікелей эфир кезінде атып өлтіріп кетті

Үндістанның бұрынғы депутаты Атик Ахмед пен оның ағасы Ашраф тікелей эфир кезінде оққа ұшты, деп хабарлайды taulik.kz Azattyq Ruhy агенттігіне сілтеме жасап.

Депутат полицияның күзетуімен сұхбат беріп тұрған кезінде оны журналист ретінде жақындап келген күдіктілер атып өлтірген.

Атик Ахмед 2019 жылдан бері адам ұрлағаны үшін жазасын өтеп жүрген. Оған сондай-ақ кісі өлтірді және шабуыл жасады деген айып тағылған болатын.

Экс-депутатқа шабуыл жасағандар сұхбат алаңына мотоциклмен келген, сондай-ақ өздерімен бірге теледидар жабдығы мен жалған тілші куәлігін ала келіп, ағайындыларға 20-дан астам оқ атқан. Екеуі де оқиға орнында көз жұмды.

«Атыс жасағандар аталған оқиғадан кейін көп ұзамай полицияға берілді. Олардың бірі мұсылмандарға қарсы шабуылда қолданылған үнді ұлтшылдарының «Джай Шри Рам» немесе «Сәлем бердік, Лорд Рама» деген ұранын айтып айқайлаған. Шабуыл жасағандар – 22 жастағы Лавлеш Тивари, 23 жастағы Мохит Пурани және 18 жастағы Арун Кумар Маурья. Олар ағайындыларды «өз атақ-даңқын шығару үшін» өлтіргендерін айтты», - делінген ақпаратта.

Атикті өлтірерден бір апта бұрын оның адвокат Умеш Палдың өліміне қатысы бар деп айыпталған 19 жастағы ұлын полицейлер атып өлтірген болатын.

Жұртты дүрліктірген осы қастандық оқиғасынан кейін зорлық-зомбылыққа ұласып кетуі мүмкін жаппай шеруден қорыққан билік Үндістанның кей аймағында интернетті өшіріп, адамдардың топтасып жиналуына тыйым салды.