Бас санитар дәрігер жауабы: Қазақстанда қашықтан оқыту енгізіле ме?
Бас санитар дәрігер жауабы: Қазақстанда қашықтан оқыту енгізіле ме?
Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова өңір «қызыл» аймаққа кірген жағдайда білім беру саласында енгізілетін шектеулер жайында айтты, деп хабарлайды Taulik.kz сайты.
«Біріншіден – бұл санитариялық-зарарсыздандыруды күшейту, тазалық жүргізу жиілігін арттыру, кабинеттерді желдету, ауаны зарарсыздандыру. Сонымен қатар кіре берісте сүзгі орнатып, педагогтер мен қызметкерлердің дене қызуын өлшеу қолға алынады», - деді бас санитар дәрігер.
Оның айтуынша, қашықтан оқыту форматы енгізілмейді. Дегенмен «қызыл» аймаққа түскен өңірлерде мәдени, тәрбие іс-шараларын, сынып және ата-аналар жиналыстарын өткізуге тыйым салынады.
«Балабақшаларда топтарды біріктіру арқылы өткізілетін іс-шараларға тыйым салынады. Мектептерде жоғары, орта және төменгі сынып оқушыларын бөлектеу жүргізілуі мүмкін. Бұл олардың мүмкіндігінше бір-бірімен кездеспеуі үшін жасалады. Естеріңізде болса, бастауыш және жоғары сыныптар үшін бөлек кіре беріс ұйымдастырған едік», - деді Айжан Есмағамбетова.