Жаңалықтар

Қадір түнінде тілеген дұға тез қабыл бола ма?

Қадір түнінде тілеген дұға тез қабыл бола ма?

Қадір түні – Рамазан айының соңғы он түнінің бірі. Биыл 23 наурызда басталған қасиетті Рамазан айы 20 сәуірде аяқталады. Ал мың айдан да қайырлы Қадір түні сәуір айының 17-нен 18-не қараған түнге түсіп тұр. Taulik.kz тілшісі Қадір түні туралы жиі қойылатын сұрақтарға жауап дайындады.  Қадір түнінің сауаптары қандай?  Қадір түні Рамазан айының ішіндегі, Құран кәрімде мадақталған ең қадірлі түн. Аяти каримада: «Қадір түні мың айдан қайырлы» делінген. Құран кәрім Расулуллаһқа осы түні түскен. Хадис шәрифтерде былай делінген: «Алла тағаланың алдында ең қадірлі түн – Қадір түні». «Қадір түнінде бір рет Қадір сүресін оқу Құран кәрімді хатым етуден де сауапты. Бұл түні қой сауымындай уақыт намаз оқу, ғибадат ету, бір ай барлық түнді ғибадатпен өткізгеннен де артық. «Қадір түнін сеніп және сауабын күтіп, ғибадатпен өткізген адамның Алла тағала өткен барлық күнәларын кешіреді».  Қадір түнін қалай өткізген дұрыс? Бұл түні мейлінше құлшылықпен, ұйқысыз дұға жасап өткізген абзал.  Ер кісілер мешітке барып, парыз намаздарды жамағатпен оқып, өзге сүннет, нәпіл, қаза намаздарын оқыған дұрыс. Әйел кісілерге мешітке бару міндетті емес. Себебі Алла елшісі: «Әйелдердің ең ізгілері – мешіті үйінің ішінде болғаны» деген. Қадір түнінде Құранды көп оқып, біліп-білмей жасаған күнәлары мен қателіктері үшін Жаратушыдан кешірім сұрап, дұға тілеу ең абзал амалдардың бірі. Сондай-ақ бұл түнде садақа берген жөн. Себебі «Садақа беріңдер. Садақа тозақтың отын сөндіреді» деген Алла елшісі.  Қадір түнінде «Қадір сүресін және Алладан ырзық-несібе мен берекелі ғұмыр тілеп дұғаларды оқыған дұрыс. Бұл түн нешеге дейін жалғасады? Ол күн батып, ауыз ашқан сəттен бастап, таң ататын уақытқа дейін жалғасады. Қадір түнін мешітте өткізу міндетті ме? Негізі Қадір түнін лажы болса, Алланың үйі – мешітте өткізген абзал. Өйткені үйде күткенде адам қанша дегенмен ұйқы қысып, қалғып кетуі мүмкін. Ал мешітте көпшілік құлшылық жасап жүреді, онда уағыз айтылады, көкейде жүрген сұрақтарына жауап алуына болады. Мешіттерде неше түрлі діни кітаптар бар, оларды да оқуға болады. Қадір түні үйде немесе мешіттерде діни кітап оқып, діни фильмдер көрудің өзі ғибадат болып саналады. Әйел кісілерге міндетте болып саналмайды. Қадір түнінде ұйықтап қалса не болады? Ұйықтамау шарт емес. Шаршап жұмыстан келіп, немесе өзіңізді өзіңіз ұстай алмай ұйықтап кетіп жатсаңыз ИншаАлла Алла мейірімді, адамның жүрегін көруші соған қарай тілегіңізді қабыл етеді. Құранда аят бар: «Алланың рахметінен, мейірімінен күдеріңді үзбе дейді». Алла көруші, естуші, сіздің не мақсатта отырғаныңызды, қалай ұйықтап қалғаныңызды біледі. Соған қарай, Алла ниетіңізді қабыл етеді Қадір түнінде қандай дұға жасаған пайдалы? Айша анамыз (Алла оған разы болсын) Пайғамбардан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың елшісі, Қадір түнінде қандай дұға жасайын» деп сұрағанда, Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаһуммә иннәкә ъафуун кәрим, тухиббул ъафуа, фаъфу ъанни» (Алла Тағалам, Сен кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, менің күнәларымды кешіре гөр)» деп дұға етуге кеңес берді. Қадір түнінде тағдыр өзгереді деген рас па? Қасиетті Құранның «Қадір» сүресінде «Қадір түні мың айдан қайырлы («Әл-Қадр» сүресі, 3) делінген. Мың ай дегеніміз ‒ шамамен сексен үш жыл. Оразасын ұстап, бес уақыт намазын оқып, осы түнді құлшылықпен өткізген адам ұзақ өмір бойы үздіксіз мінәжат еткендей сауапқа кенеледі дейді.  Бұл түннің тағдыр түні деп аталатын себебі ‒ дәл осы түнде Алла белгілі бір періштелерге алдағы жылда (келесі тағдыр түніне дейін) не болатыны жайлы білім береді. Түннің «Қадір түні» деп аталуын ислам ғұламалары бұл түнде Алла Тағала адамдардың келесі жылғы тағдырын, яғни өмірі мен өлімін, ризық-несібесін, бақытты немесе бақытсыз болуын сол секілді тағы басқаларын жазатындығымен байланыстырады. Қадір түнінің белгілері қандай? Қадір түні нақты қай күн екені еш жерде жазылмаған. Бұл түн жасырылғандықтан өзіндік белгілері бар: ‒ Ауа райы бірқалыпты болады. Жел баяу соғады. Ол түні ай жарық болады. Мұхаммед пайғамбар: «Қадір түнінде аспан ашық болады. Ыстық та, суық та болмайды. Күн қызыл болып шығады» деген. ‒ Сол түнді құлшылықпен өткізген адамның жүрегінде тыныштық орнайды. Жаны рахат бір сезімді бастан кешеді. Себебі, періштелер жерге түсу арқылы пенделерге мейірбандықты әкелген еді. Таң өткір сәулесіз атады. ‒ Иттер шуылдамайды, есектер ақырмайды; ‒ Нұр байқалады; ‒ Кей адамдардың сол түні дұғалары жылдам қабыл болады. Бұл түнді тек бір түндік құлшылықпен өткізу керек пе? Қадір түнінде жасалған ғибадаттың мың айға, яғни сексен үш жылға тең болатындығына байланысты мұсылмандар бұл түнді құлшылықпен өткізуге тырысады. Тағы бір хадисінде: «Кімде-кім сауабын тек қана Аллаһтан күтіп, ықыласпен сол түнді ғибадат жасаумен өткізсе, күнәлары кешіріледі», - дейді. Сондықтан мүмкіндігінше, әрбір пенде Қадір түнінде берілетін сыйдан мақұрым қалмауға тырысуы керек. Ол түнді бос өткізбей, дәрет алып, екі бас болса да намаз оқып, Аллаһ Тағаланың шексіз мейірімінен шын жүректен сұрап, дұға еткен жөн. Қадір түнінде қайтыс болған адам жаннаттық бола ма? Құранның пікірі, рухы бойынша, қасиетті күндер мен түндерде туылудың, қайтыс болудың ешқандай маңызы жоқ. Өйткені туылу немесе өлу біздің қолымызда емес. Бұл түнде Қыдыр ата келе ме? Қадір түні де, басқа түні де Қыдыр ата келмейді. Ол - қате түсінік. Қадір түнін дұға, тілек, құлшылықпен өткізген адамға бір жыл бойы береке-бақыт, байлық, ырыс-несібе келеді.