Жаңалықтар

Алматыда науқастың өт қабынан 1735 тас алынды

Алматыда науқастың өт қабынан 1735 тас алынды

Алматыда №7 қалалық клиникалық аурухананың хирургтары 62 жастағы науқастың өт қабынан 1730-дан астам тасты алып тастады, деп хабарлайды turkystan.kz Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.

Науқас Алматы қаласының №7 Қалалық клиникалық ауруханасына шұғыл түрде оң жақ қабырға астының ауырсыну белгілері, жүрек айну, құсу, ауыздың құрғап кету шағымдарымен түсті. Науқастың айтуынша, бұрын тексеруден өтпеген. №7 ҚКА жағдайында жан-жақты тексерулерден өткізгеннен кейін өт тас ауруы диагнозы қойылды. Жіті калькулозды холецистит. Келесі күні, алдын-ала жүргізілген дайындықтан кейін, жалпы анестезиямен, заманауи аз инвазивті технология бойынша, "Лапароскопиялық холецистэктомия" отасы жасалды.

"Өт қабын алып тастағаннан кейін диаметрі бірнеше мм-ден 1,5 см-ге дейінгі 1735 конкремент алынды", - деп хабарлады №7 ҚКА-ның баспасөз қызметі.

Операциялық топтың жетекші хирургы осыншама тастың табылуы оның тәжірибесіндегі жаңа рекорд екенін айтты.

"Бұл операция менің рекордымды жаңартты - бұл жолы 1730-дан астам тас табылды - бұл тек өт қабында. Денсаулықты сақтау және өт-тас ауруларына байланысты асқынулардың алдын алу үшін профилактикалық және скринингтік тексерулерден уақытылы өтуге кеңес беремін. Өзіңізге және жақындарыңызға қамқор болыңыз", - деп атап өтті журналистерге берген сұхбатында, операциялық топтың жетекші хирургы профессор Мұса Меңдібайұлы Сахипов.

Операция сәтті жасалды, операциядан кейінгі 4-ші күні науқас жай-күйі қанағаттанарлық жағдайда үйіне шықты, амбулаториялық бақылауға алынды.