Жаңалықтар

Шәууәл айында оразаны қалай ұстау керек?

Шәууәл айында оразаны қалай ұстау керек?

Бүгін Шәууәл айы басталды. Бұл айда мұсылмандарға 6 күндік ораза ұстау жөн саналады. Шәууәл айындағы оразаны қалай ұстау керек: үзіліссіз бе әлде арасында үзіліс жасап па, Рамазандағы қарыздарды өтегеннен соң ба әлде өтемес бұрын ба, қай күндері, қай уақытта деген сұрақтар көп. Taulik.kz сайты azan.kz сайтында жариялаған материалдарға сүйене отырып, осы және өзге сұрақтарға жауап береді.  1.Ханафи мәзһабы бойынша Шәууәл айының оразасын Рамазан айының қазасын өтемес бұрын ұстауға рұқсат етілген. Әйелдер, сапардағылар мен Рамазан айында сырқаттанып не болмаса белгілі себептермен әрі себепсіз оразасын қаза қылғандар Рамазандағы қарыз оразаны келесі Рамазанға дейін міндетті түрде өтеу шартымен  Шәууәл айында ораза тұта алады. Алайда, егер бірінші Рамазан айындағы қазаны толтырып, артынан Шәууәл айының алты күнін ұстау ұнамды амал болып табылады. Соған қарамастан, егер адам үлгермей жатса немесе Шәууәл айы аяқталғанша алты күнді ұстай алмай қаламын деп қауіптенсе, керісінше де жасауға болады 2.Шәууәл айындағы ораза тек Шәууәл айында ғана ұсталады. Егер кімде кім ай аяқталғанша ұстап үлгермесе, күнә болып саналмайды, себебі бұл ораза парыз етілмеген. Шәууәл айының оразасын Ораза Айт мейрамының бірінші күні өткен соң ұстай беруге болады. Яғни, Шәууәл айының екінші жұлдызынан бастап Рамазан айының қазасын өтеп, одан әрі Шәууәл айының нәпіл оразасын ұстауға болады. 3.Рамазан айында мүлде ораза тұтпаған жандар парыз оразаны себепсіз қалдырған болса да,  Шәууәл айының оразасын ұстай алады. Алайда, олар бір жылдық ораза тұтқанның сауабын ала алмайды. Себебі ондай сауапты алу үшін, хадисте келгендей, парыз болған оразаны міндетті түрде ұстауы қажет.  Соған қарамастан, олар Шәууәл айындағы алты күндік оразаның сауабын алады. Дегенмен, олар үшін Рамазандағы қазаның орнын толықтыру хайырлы. Себебі парызды қалдырып қою Алланың алдында үлкен күнә болып саналады. 4.Шәууәл айының алты күнін үзбей ұстауға да, арасында үзіліс жасап ұстауға да болады. Егер бір күн қоспаса, жұма күндері ораза тұтуға болмайды. Мысалы: бейсенбі- жұма немесе жұма- сенбі. Егер осындай етіп ұстар болса, жұма күні ораза тұтуға рұқсат. Егер Рамазан айында ешқандай қазасы болмаған жандар болса, Шәууәл айының оразасын дүйсенбі және бейсенбі күндері ұсталатын сүннет оразасы күндері ауыз бекітуіне болады. Алайда, бұл бір жолы ғана. Шәууәл айының қосымша оразасын қай күні ұстау әр адамның жеке басының ісі. 5.Шәууәл айындағы ораза мен Рамазан айындағы ораза, сондай – ақ, өзге айлардағы тұтылатын оразалардың барлығы таңнан кешке дейін ұсталады.