Жаңалықтар

Адамның фотосын рұқсатсыз пайдалану заң бұзуға жата ма?

Адамның фотосын рұқсатсыз пайдалану заң бұзуға жата ма?

Еліміздің Конституциялық соты БАҚ-та адам бейнесін (фото) рұқсатсыз пайдалануға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды taulik.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Конституциялық сотқа азамат С.В. Наумцевтен БАҚ беттерінде адамдардың бейнесін жария етуге қатысты өтініш келіп түсті. Өтініш иесінің айтуынша, БАҚ-та адамның бейнесін (фото, видео) рұқсатсыз пайдалану Конституцияда бекітілген жеке өмір, жеке және отбасылық құпияға қолсұғушылық құқығына қайшы келеді. Конституциялық сот келесі ұстанымдарды алға тартты. Қазақстан Республикасында азаматтың өз бейнесін қорғау құқығы мемлекеттің қадағалауында. Жеке бас бейнесін қорғау тек конституциялық нормалармен ғана емес, азаматтық заңнамамен де реттеледі. Азаматтық кодекстің 145-бабына сәйкес адамның бейнесін жариялау мен қайта пайдаланудың алдында оның келісімін алуды талап етеді. Сондай-ақ «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасы заңының 7 және 15-баптарының ережелерін ескеру қажет, ол бойынша дербес деректерді пайдалануда меншік иесінің келісімі болған кезде ғана жол беріледі. Сондай-ақ өтініште БАҚ туралы заңның 14-бабы 1-1-тармағының 3) тармақшасын алып тастау немесе аталған тармақшаның конституциялылығын қамтамасыз ету үшін соттың қалауы бойынша басқа да әрекеттер қабылдау мәселесі де қойылған. Қазақстан Республикасының Конституциялық соты жоғарыдағы жайтты қарай келе келесіні қаулы етеді: 1. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 1-1-тармағының 3) тармақшасы Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 2-тармағына және 18-бабының 1-тармағына сәйкес келеді деп танылсын. 2. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды. 3. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.