Жаңалықтар

Астанадағы балабақша тапшылығы қашан шешіледі?

Астанадағы балабақша тапшылығы қашан шешіледі?

Елімізде балабақша тапшылығы мәселесі жыл сайын қызу талқыланады. Ата-аналар балаларын мемлекеттік балабақшаға бере алмай, жекеменшікке жүгінуге мәжбүр.   Соңғы деректерге сүйенсек, Астанадағы мемлекеттік балалар бақшасына 1-6 жас аралығындағы 30 мыңнан астам бала кезекте тұр. Жыл сайын бірнеше мемлекеттік бақша салынғанымен, әлі де жеткіліксіз болып отыр. Мәселен, Айым Шаманова есімді қала тұрғыны қызы дүниеге келгеннен баста, мемлекеттік балабақшаға кезекке тұрғанын айтады. Бірақ қызының жасы келгенде, орын кезегі келе қоймаған екен. Сондықтан уақытша жекеменшік қызметке жүгінуге тура келген. Бірақ мемлекеттік балабақшаға кезегі келгенше, баласы мектеп жасына жетіп қалуы ықтимал. Қазір Айымның қызы 5 жаста.
«Мемлекеттік қолдауды қосқанда айына 60 000 теңге төлеймін. Ал мемлекеттік бақшада орын болғанда 20 000 теңгеге жетер-жетпес ақша төлер едім», – дейді Шаманова.
Кейіпкеріміз елордалық мемлекеттік балабақшаның артықшылықтары көп екенін айтады.
«Біз мемлекеттік балабақшаға баруға тырыстық, өйткені біріншіден, ол жақта арзанырақ, екіншіден үйімізге жақын, үшіншіден мемлекеттік болған соң жиі тексерістен өтіп тұрады. Ал жекеменшікте ондай емес», – деді ол Newsroom тілшісіне.
Астана қаласы білім беру басқармасының дерегіне орай, ата-аналар баласын мемлекеттік балабақшаға берген кезде, олар тек баланың тамақтануына ғана төлейді. Оның бағасы 16 800 теңгені құрайды. Ал мемлекеттік білім беру тапсырысы бар жекеменшік балабақшаларда бұл сома 20 800 теңге көлемінде екен. Білім басқармасы мемлекеттік тапсырысқа өтініш беретін жекеменшік балабақшаларға арнайы бекітілген стандартпен талаптар қойылатынын айтады. Мысалы, жекеменшік балабақша әкімшілігі мекемесіне бейнебақылау камераларын, дабыл түймесін және дауыс хабарландыру құрылғысын қондыруы керек. Одан қалса, балабақша қызметкерлерінің біліктілігі мен ондағы санитарлық талаптар реті де ескеріледі екен. Десе де, мемлекетттік тапсырыс алатын жекеменшік балабақшалардың барлығы жоғарыдағы талаптарға сай бола бермейтін көрінеді. Раушан Есенова есімді тағы бір қала тұрғыны балабақшалардағы аспаз бен медбике біліктілігіне назар аударуды сұрайды.
«Мемлекеттік тапсырыспен істейін бақшаларда стандарт талаптарына сай келетін жағдай жоқ. Мысалы, балалар ойнайтын алаң болуы қажет. Алаң бар, алайда бір сырғанақ, бір әткеншек, бір құммен ойнайтын жері бар алаң жеткілікті емес. Оған тек бір ғана топ балалары сияды. Ал бақшада әдетте 10 топ болады. Сонымен қатар сертификатталған аспаз және мейірбике болуы қажет. Мен көрген балабақшалардың көбінде бұлар жоқ», – деді Есенова Newsroom тілшісіне.
Астана тұрғыны екі баласын мемлекеттік қаржыландыру көмегімен жекеменшік балабақшаға орналастырғанын айтады. Бірақ ол көмек болғанның өзінде, екі бала үшін тым қымбатқа шығады екен. Ресми дерекке сүйенсек, қазіргі таңда Астана қаласында 94 мемлекеттік балабақша бар. Ал 89 жекеменшік балалар бақшасы мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейді.

Қырмызы Сембаева