Жаңалықтар

Биыл Қарағанды облысында 165 жаңа автобус сатып алынады

Биыл Қарағанды облысында 165 жаңа автобус сатып алынады

Биыл Қарағанды облысында 165 жаңа автобус сатып алу жоспарланып отыр. Оның 33-і қанаттас қалалар арасына қатынайды. Өткен жылы тасымалдаушы компаиялар қоғамдық көліктерін айтарлықтай жаңартқан болатын, деп хабарлайды Taulik.kz. ҚазАқпараттың жазуынша, ауданаралық бағыттарға жүретін автобустардың тозығы жеткен. Автопарктердегі көліктердің басым бөлігі 12 және 14 жыл бұрын алынған. Қайта жаңғырту мақсатында өткен жылы тасымалдаушы компаниялар 69 жаңа автобус сатып алды. Жолаушылардың қауіпсіздігі мен тасымал сапасын арттыру үшін біршама істер қолға алынған. Осы жылы ол үрдіс жалғасады.
«Жалпы облыс бойынша жолаушыларды тасымалдау 203 тұрақты маршруттармен жүзеге асырылуда. 954 автобуспен 39 тасымалдау қызметі көрсетіледі. Ауданааралық тасымалдау саласында 30 маршруттың қозғалысы ұйымдастырылған. 111 автобуспен 14 тасымалдаушы жұмыс істейді», - деп мәлімдеді Қарағанды облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мерген Мұқышев.
Осы жылы қоғамдық көліктерде ONAY! электронды билет жүйесі енгізілген. Ол Қарағандыдан Теміртау, Шахтинск, Саран, Абай қалаларына, сондай-ақ Шахан және Топар кенттеріне баратын бағыттарды қамтыды. Жолақы төлеудің электронды жүйесінің арқасында жолаушылар ағынының саны күніне 16 мыңнан 33 мың адамға дейін 2 есе артты. Қолма-қол ақшасыз төлем жүргізу 92% құрады. Аймақтың тасымал жүйесінде теміржол көлігі де маңызды рөл атқарады. Қазір 7 әлеуметтік маңызы бар теміржол қатынасы бойынша пойыз желіге шықты. Оның ішінде 2 жүрдек және 5 электр пойыздары бар. Олар жыл сайын 380 мыңнан астам адамды тасымалдайды.