СҚО-да күн жылынғалы 94 адамды кене шақты
СҚО-да күн жылынғалы 94 адамды кене шақты
Солтүстік Қазақстан облысында кене шағып, дәрігерге қаралушылар саны артты. Сәуір айынан бері 94 адам медициналық көмек алған, деп хабарлайды Taulik.kz.
ҚазАқпараттың жазуынша, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі өңірде кенеге қатысты эпидемиялық маусым сәуірден бастап қазан айына дейін жалғасатынын мәлімдеген. Күн жылынғалы 94 адам дәрігер көмегіне жүгінсе, оның 36-сы - 14 жасқа дейінгі бала.
«Кене шаққанда оған жеңіл-желпі қарауға болмайды. Өйткені бұл жәндік кене энцефалиті, кене сүзегі, кене боррелиозы немесе лайм ауруы, геморрагиялық қызба және т.б. сияқты көптеген жұқпалы аурулардың қоздырғышы ретінде қауіпті. Кене энцефалиті – орталық жүйке жүйесін зақымдайтын жіті инфекциялық ауру. Аурудың салдарынан адам мүгедек болып, тіпті соңы өлімге апаруы мүмкін. Кене энцефалитінің вирусы адамға иксод кенелер шаққан кезде беріледі. Кенені өздігінен алғанда немесе шаққан жерін тырнағанда вирус теріге жағылып, ауру пайда болуы мүмкін», - дейді департаменттің бас маманы Айнаш Сағандықова.Маманның айтуынша, қазір кенелердің нағыз қауіпті шағы. Сондықтан табиғат аясына шыққан кезде міндетті түрде ұзын жеңді және жәндік анық көрінетін ақ түсті киім кию ұсынылады. Кенелер 1,5 метрден жоғары көтерілмейді, сондықтан олар адамның аяғына жабысады және жабысып соруға ыңғайылы жер іздейді. Кенелер баяу жәндіктер, адамның киіміне немесе денесіне түскенде бірден сормайды, жорғалап орын таңдайды. Сондықтан өзіңді және өзара тексеру тиімді. Кремдер, гельдер және аэрозольдер түрінде репелленттерді қолдануға болады.
«Биыл мемлекеттік тапсырыс аясында сәуір және қыркүйек айларында Қызылжар ауданы Бескөл және Пеньково ауылдарында кенеге қарсы дезинсекциялық іс-шаралар өткіземіз. Қалған елді мекендер бойынша жергілікті атқарушы билік жауапты. Тағы бір ескерер жайт, кене шаққаннын көрсеңіз оны күшпен жұлып алуға тырыспаңыз. Кене теріге ауыз қуысының көмегімен жақсы бекітіледі және сіз кененің денесін ғана жұлып алып, басын қалдыруыңыз мүмкін. Бұл қабыну реакциясын тудырады. Кене шаққан орынды этил спиртімен немесе одеколонмен өңдеңіз, содан кейін кенені лассо-қаламымен, пинцетпен немесе қарапайым жіппен өзіңіз тартып алуыңыз керек. Кенені құмыраға, пластикалық көпіршікке немесе су бөтелкесіне салыңыз. Екі күн ішінде оны талдау үшін зертханаға апару керек. Жараны йод немесе спиртпен өндеңіз. Кенені алу үшін майды, майлы кремді қолдануға болмайды! Бұл жағдайда оның демалуы бітеліп, сілекей мен қоздырғыштарды рефлекторлы түрде қанға жібереді, осылайша инфекция қаупін арттырады», - дейді Айнаш Сағандықова.