Бағдат Мусин: «Алаяқтар қоңырау шалатын жалған нөмірлер бұғатталады»
Бағдат Мусин: «Алаяқтар қоңырау шалатын жалған нөмірлер бұғатталады»
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Бағдат Мусин Қазақстанда алаяқтар қоңырау шалатын жалған нөмірлердің қыркүйектің соңына дейін бұғатталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Taulik.kz сайты.
Министрдің сөзінше, интернет пен телефон арқылы халықты алдайтындар саны көбейген. Мәселен, 2016 жылы осындай 1 мың жағдай тіркелсе, 2021 жылы олардың саны 21 мыңға дейін өскен.
«Біз қазіргі уақытта байланыс операторларымен бірге осы мәселеге қатысты бірлескен іс-шараларды жүзеге асырудамыз. Бүгінгі таңда алаяқтармен күресудің тиімді әдістерінің бірі – жалған нөмірлерді бұғаттау. Қыркүйектің соңына дейін байланыс операторлары алаяқтар қоңырау шалатын жалған телефон нөмірлерін анықтап, бұғаттайтын болады», – деп жазды Бағдат Мусин Instagram-парақшасында.
Сонымен қатар ұялы нөмірлерді тіркеу кезінде биометриялық сәйкестендіру жүйесі де енгізілуі мүмкін. Бұл нөмірлердің бөтен адамға тіркелу жағдайларының алдын алады.
«Сондай-ақ біз интернет-алаяқтыққа қарсы ақпараттық-түсіндіру бағытында банктермен тығыз әрекет жасауды ұсынамыз, өйткені алаяқтық фактілердің орын алуы көп жағдайда банк операцияларымен тікелей байланысты. Банк қызметкерлері тұрғындарға хабарласқан уақытта оның шыныменде банктен хабарласып тұрғанына көз жеткізу үшін SMS-хабарламалар арқылы сәйкестендіру жүйесін енгізуге болады», – деп қосты ол.
Министр аталған бастамалардың мәселені түбегейлі жоймайтынын, тек шешудің бір ғана жолы екенін атап өтті.