Жамбылдық полицейлер Меркі-Шу трассасында қылмыскерді ұстады
Жамбылдық полицейлер Меркі-Шу трассасында қылмыскерді ұстады
Жамбыл облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальонының қызметкерлері есірткіні аса ірі мөлшерде сақтау дерегін анықтады, деп хабарлайды Taulik.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Меркі – Шу – Бурылбайтал трассасының 260-шақырымында аумақты патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері Honda Accord автокөлігін тоқтатты. Автокөліктің багаж бөлігінен жолаушы болып келе жатқан Астана қаласының 38 жастағы тұрғынына тиесілі, жалпы салмағы 4 келі 700 грамм кептірілген марихуана салынған полиэтилен пакеті табылды.
Ұсталған адам өз кінәсін толығымен мойындады. Оған қатысты сот қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Баптың санкциясы 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Жамбыл облысының полиция департаменті азаматтарды есірткі заттарын заңсыз тасымалдағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы ескертеді. Егер сізде есірткі қылмысы туралы ақпарат болса, жедел түрде полицияның “102” нөміріне хабарласыңыз.