Жаңалықтар

Оралдағы кәсіпкердің өліміне қатысты жаңа деректер белгілі болды

Оралдағы кәсіпкердің өліміне қатысты жаңа деректер белгілі болды

Полицейлер оралдық кәсіпкер Еркін Мұханғалиевті өлтірді деген екі күдікті ұсталғаны туралы кейбір мәліметті айтты, деп хабарлайды Taulik.kz сайты Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Тәртіп сақшылары мәліметінше, оқиға «Рахат-лукум» караоке клубында болған.

«Оқиға болған жердің маңында орнатылған бейнебақылау камераларының бәрін тексердік. Жазбаларды зерттей келе, олар қай бағытта қашқанын анықтадық. Кейін куәгерлердің айтуы бойынша, олардың Көктем саяжайындағы орнын анықтадық. Осыдан кейін жедел топтар құрылды. Олар саяжайлардың бірінің аумағында, көшеде ұсталды.

Ұстау кезінде олар қарсылық көрсетпеді. Оқиға орнынан қылмыс қаруы тәркіленді. Оларда басқа қару болған жоқ. Тұтқындау кезінде ұсталғандардың бірінің сақалы аздап өзгергені байқалды. Ол сыртқы келбетін сәл өзгертті деген болжам бар. Оның деструктив діни ағым ұстанатыны расталған жоқ», - деді БҚО ПД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Жанболат Жаншин арнайы брифингте.

Ол Оралда күдіктілерді іздеуге Ұлттық ұланмен бірге 270-ке жуық қызметкер тартылғанын атап өтті. Сондай-ақ жақын маңдағы учаскелердің полицейлері де бағдарлау жұмыстарын жүргізген.