«Қарызсыз қоғам»: Алматы облысының 1200 тұрғыны қаржылық сауатын арттырды
«Қарызсыз қоғам»: Алматы облысының 1200 тұрғыны қаржылық сауатын арттырды
«AMANAT» партиясы мен HALYK BANK бірлесіп қолға алған «Қарызсыз қоғам» жобасы өз жұмысын жалғастырып жатыр. Аталған жоба аясында Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Қарасай, Кеген, Талғар аудандарында 1200 адам қаржылық сауатын арттырды, деп хабарлайды Taulik.kz azattyq.ruhy агенттігіне сілтеме жасап.
«Оқыту курсы тұрғындарға ұнап жатыр. Халыққа пайдалы жоба екені жиі айтылуда. Ауыл азаматтары қаражатты үнемді, тиімді жұмсауды үйреніп келеді. «AMANAT» партиясы мен HALYK BANK-тың өкілдері ауылдарды аралап, тұрғындардың қаржылық сауатын арттыруда», – деді Алматы облысы бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасының менторы Зәмзәгүл Сламбекова.Оның айтуынша, қаржылық сауатты арттыру курсына көбінесе жұмысшылар, бюджет саласының мамандары қатысып жатыр. Мәселен, жобаға қатысушылар арасында Қарасай ауданында жеке кәсібін ашқысы келетін адамдар көп. Олар бизнес жоспар құруды, мемлекеттік гранттар мен банктің тиімді құралдарын дұрыс пайдалануды үйренуде.
«Ауыл тұрғындары қаржыны тиімді жұмсап, табысты арттыру жолдарын білгісі келеді. Осы мақсатта қатысушыларға түрлі дәріс өткізіп, үй тапсырмасын береміз және пайдалы мәліметтермен бөлісеміз. Сарапшылар кіріс-шығысты есептей білуді, қаржыны ұтымды жоспарлауды, дұрыс мақсат қоюды үйретеді», – деді ментор.Зәмзәгүл Сламбекова әдетте несие төлемін кешіктірген адамдар банк қызметкерлерінен бой тасалап, тұтқаны көтермейтінін немесе телефон нөмірін ауыстырып тастайтынын атап өтті. Яғни тұрғындар банкке барып, жағдайын түсіндіруден тартынады. Мамандар жауапкершіліктен жалтармай, банк қызметкерлерімен диалог құруға кеңес береді. Себебі жағымсыз несие тарихы бар адамдар мемлекеттік бағдарламаларға, жеңілдікпен берілетін несиеге үміттене алмайды.
«Несиесін 11 ай төлемей келген тұрғынға көмектестік. Оның барлық есепшоты бұғатқа түскен. Несие тарихы бұзылған. Заңгерлер ыңғайлы кесте жасап, берешекті аз-аздан төлеуге кеңес берді. Қазір ол адам қажетті құжаттарды жинап жатыр. Елімізде «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заң қабылданғаны белгілі. Алайда жеке тұлғаның банкрот деп жариялануы – көп адам ойлағандай оңай процедура емес. Қайта банкроттық 7 жылдан кейін ғана мүмкін болады. Сондықтан қаржылық беделге нұқсан келтірмеуді, қаражатты байыпты жұмсауды үйрену артық етпейді», – деді З.Сламбекова.