Оралдағы кәсіпкердің өлімі туралы досы мен куәгер пікір білдірді
Оралдағы кәсіпкердің өлімі туралы досы мен куәгер пікір білдірді
Оралда 49 жастағы кәсіпкерді пышақтап өлтірген екі күдікті қала маңындағы саяжайлардың бірінде қолға түсті. Белгілі болғандай, олар арнайы жасақты көре сала, қашпақ болған, деп хабарлайды Taulik.kz сайты КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қанды қылмыс күндіз орталық саябақтың маңындағы ел қарасы көп жерде жасалған. Әрі бақылау камерасына да анық түсіп қалды. Екі қаскөй кәсіпкерді үстел басында пышақтап, кейін қуып жүріп көшеде қылмыстарын бітірген.
6-тамыз күні кешкі сағат жетіде қаладағы «Рахат лукум» кафесінде кәсіпкердің екі жігітпен жанжалдасып отырғанын көруге болады. Еркін Мұханғалиев орынан тұрғанда қарсыда отырғаны пышақ алып түрегеледі. Ол қолындағысымен күре тамырын осып жіберген. Қаны судай атқылағаны қаскөйді тоқтатпады. Ол бұдан соң да біренеше рет жанын шүберекке түйген марқұмның кеудесі мен желке тұсына пышақ ұрады. Қансыраған күйі терезеден шыға қашуға ұмтылған. Алайда оны далада қуып жетіп, тағы 10 шақты рет пышақтаған. Көптеген куәгердің көз алдында кәсіпкердің демі үзіліпті.
«Жап-жас қой. 49 жаста дейді. Көзбен көргеніме сене алар емеспін. Анандайдан кейін жүрегім ауырып, кеше жұмысқа шыға алмадым. Бүгін ғана есімді жидым. Жәй ғана келіп адам өлтіре салу оңай шаруаға айналды ма? Қылмысты көбі, тіпті кішкентай балалар да көрді», – дейді куәгердің бірі.
Ал марқұмның жақын досы оқиға қатысты былай дейді.
«Еркін үнемі өзіне ешқандай қорғаушы, күзет керек емес, өз-өзімді қорғай аламын дейтін. Өз мейрамханаларымды қорғай аламын дейтін. Енді міне, ажал. Қандықол қылмыскерлер қолынан кетті. Жұбайы жесір, екі баласы жетім қалды. Қылмыскерлерге ең сұрапыл жаза сұраймын», – дейді Қажымұқан Ғабдолла.
Ал күдіктілердің қанжоса күйі бой тасалағаны тағы бір кемераға түсіпті. Аты-жөні сол күні ақ белгілі болған: 31 жастағы Руслан Қожантаев пен 21 жастағы Тұрлан Амангелді. Оралда ұстау операциясы жарияланып, күдіктілерді іздеуге полиция мен Ұлттық ұлан сарбаздары жұмылдырылды. Күдіктілердің фотосуреті ілініп, қаланының іші мен кірер шығар жолына полиция бекеттері қойылған. Сенбі күні кештен басталған іздеу шаралары бүгінге дейін жалғасты. Олар алысқа ұзамамапты.
«2022 жылдың 8 тамызында сағат он жарым шамасында Орал қаласының «Көктем» саяжайында күдіктілер, 1991 және 2001 жылғы күдіктілер құрықталды. Біздің қызметкерлерді көрген жерде қашуын қашты, бірақ қызметкерлердің қырағылығы нәтижесінде екі қылмыскер қолға түсірілді. Қарсылық көрсетпеді», – дейді БҚО ПД бастығының міндетін атқарушы Жанболат Жаншин.
Ал белгілі кәсіпкер Еркін Мұханғалиев қаладағы екі мейрамхананың қожайыны. Кейбір ақпарат көздері күдіктілер одан жалақысын талап еткен дейді. Кісі өлтіру, яғни ҚК 99-бабы 2-тармағы бойынша олар 20 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.